Елордада Нұра ауданындағы Күлтегін көшесінде орналасқан 10 қабатты тұрғын үйдің электр қалқанында өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына жеткен алғашқы бөлімшелер подъезде қою түтін бар екенін анықтаған.
Өртті сөндіру үшін оқпандар жедел беріліп, барлық қажетті шаралар қабылдануда. Судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта тұрғындарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр.
Нақтылаған мәліметке сәйкес, электр қалқаны шахтасында шыққан өрт бірінші қабаттан оныншы қабатқа дейін таралған.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері автосатының көмегімен 3 адамды құтқарды, олардың екеуі – балалар. Сонымен қатар баспалдақ марштары арқылы құтқару қалпақшаларын пайдалана отырып тағы 2 адам эвакуацияланды, олардың бірі – бала.
Айта кетейік, өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.
Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер қаза болған балалардың анасын құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.
Бұған дейін аталған өрт салдарынан үш баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ, дәрігерлер үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр екенін айтты.
Одан кейін қайғылы сәттің куәгері болған әйел өрт басталған бетте түн ішінде қалай оянғанын баяндады.
Сонымен қатар өрт кезінде құтқарушылардың жолын бөгеген жүргізуші жауапқа тартылды.