Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада көлік жүргізушілеріне қатысты өзгеріс болады

Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Астанадағы автотұрақтардың басым бөлігі алдағы уақытта тегін болады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкім бұған дейін атап өткендей, қаладағы тұрақтар әкімдік меншігіне өтеді.

Әкімнің айтуынша, әлеуметтік нысандардың маңындағы автотұрақтар толықтай ақысыз болады. Ал қозғалыс тығыз шоғырланған қала орталығында, атап айтқанда Достық пен Қонаев көшелері аумағында, әлемдік ірі қалалардың тәжірибесіне сай қатаң тариф енгізіледі.

Қаланың орталығына көлікпен кіру қымбат болуы тиіс. Мәселен, Мәскеуде Тверская көшесіне көлікті қалдыру 20 мың рубльге дейін шығуы мүмкін, – деді ол.

Сондай-ақ қала басшысы тегін тұраққа уақытша шектеу қою жоспарланып отырғанын айтты. Бұл мерзім ауданға қарай 15 минуттан 60 минутқа дейін болуы мүмкін. Ал тұрақ үшін төлем минутпен есептелмейді.

Қазіргі таңда жеке компанияларға тиесілі барлық автотұрақтар қала балансына өткізіледі. Олармен бірге инфрақұрылым мен цифрлық басқару жүйесі де муниципалдық меншікке өтпек.

Тапсыру үдерісі аяқталған соң, автотұрақ тарифтері елорда тұрғындарының ұсыныстары ескеріле отырып қайта қаралады.

Өзгелердің жаңалығы