Астанада Елорда күніне орай балалар мен отбасыларға арналған «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» атты шығармашылық іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара Бейбітшілік және келісім саябағында ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама аясында жас астаналықтар елорданың сәулеттік нысандарын қағаздан, пластилиннен, LEGO бөлшектерінен және өзге де материалдардан жасап, көпшілік назарына ұсынды.
Фестиваль бірнеше бағытты қамтыды. Балалар үшін шығармашылық көрме, спорттық эстафеталар, қозғалмалы ойындар, LEGO алаңы, кітап көрмесі, үстел ойындары, интерактивті тир, шеберлік сабақтары және демалыс аймақтары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған Montessori алаңы жұмыс істеді. Тұрғындарға әлеуметтік сала бойынша мамандар кеңес берді.
Астана қаласы «Сарайшық» ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Шұғыла Серікханқызының айтуынша, мұндай форматтағы іс-шара ауданда алғаш рет өткізіліп отыр.
Бүгін Астанамыздың ең жас тұрғындары – балаларға арналған іс-шара ұйымдастырылды. Елорда күніне орай өткізіліп отырған бұл жоба ауданымыздағы жаңа саябақта өтіп жатыр. «Үлкен Астана» дегеніміз – қаламыздың әрбір сәулеттік символын балалардың өз қолымен макет арқылы көрсетуі. Олар қағаздан, пластилиннен, LEGO-дан түрлі нысандар жасап әкелді. Шынын айтқанда, ата-аналар мен балалар тарапынан мұндай қызығушылық болады деп ойлаған жоқпыз, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, төрт күннің ішінде 45 бала қатысуға өтініш білдірген. Бүгінде олардың жұмыстары арнайы көрмеге қойылды.
Фестивальде спорттық шаралар, ерекше балаларға арналған Montessori алаңы, сондай-ақ Астана туралы арт-баннер бар. Балалар оны өздері бояп, әрлендіре алады. Шығармашылыққа жақын балалар үшін концерттік алаң да ұйымдастырылды. Келем деген әр балаға есігіміз ашық. Макет жасап келген қатысушыларға аудан әкімдігі атынан алғыс хат табысталады. Бірақ бұл сайыс емес, көрме екенін атап өткім келеді. Арнайы шақырылған қонақтар болмаса да, таңнан бері 200-ден астам тұрғын келді, – деді Құдайберген Шұғыла Серікханқызы.
Көрмеге қатысушылардың бірі Диана Кендебайқызы өз жұмысында елорданың болашағын технология мен табиғат үндестігі арқылы көрсеткен.
Мен Alem.ai нысанын таңдадым, себебі ол – елордамыздың болашағын білдіретін символ. Болашақ табиғатпен бірге дамуы керек деп ойлаймын. Сондықтан нысанның жанына роботтандырылған қолды орналастырдым. Ол технологиялардың қоршаған ортаны сақтауға көмектесуі тиіс екенін көрсетеді. Мен жасанды интеллект пен инженерия әлемді одан әрі әдемі әрі экологиялық таза ете алады деп сенемін. Болашақ – технология мен табиғаттың бірін таңдау емес. Болашақ – үйлесім, – деді жас қатысушы.
Баласы бірінші сыныпқа енді баратын Әйкерім Бақтыбаева да іс-шараға белсенді қатысқан. Оның айтуынша, ұлы Санжар Астананың сәулетіне ерекше қызығады. Ол макетті жасауға екі күн уақыт жұмсаған.
Балам ЛРТ жасағысы келетінін өзі айтты. Біз оған көмектестік. Үйіміздің жанындағы театр аялдамасын макетке енгіздік. Көріп тұрғандарыңыздай, күн қуатымен жұмыс істейтін батареялар да қойылған. Жұмысымызды «Елестетіп жаса: 2030» деп атадық, – деді Әйкерім Бақтыбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» жобасының басты мақсаты – балалардың шығармашылығын қолдау, олардың қалаға деген қызығушылығын арттыру және отбасылық демалыс мәдениетін дамыту.
Іс-шара аясында балалар өздері жасаған макеттерін таныстырып қана қоймай, Астананың келешегі туралы өз қиялдарын да көрсетті. Бірі болашақ қаласын жасыл технологиялармен байланыстырса, енді бірі елорданың көлік инфрақұрылымын, сәулеттік келбетін және заманауи мүмкіндіктерін бейнеледі.