Астанада кептелістен "қашқан" жүргізуші көгалды таптап кеткені үшін жазаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға Астанада болған. Әлеуметтік желілерде жүргізушінің көлік кептелісін "айналып өтпек" болған сәті түсірілген видео тарады. Кадрлардан Hyundai маркалы көліктің көгалмен жүріп бара жатқаны көрінеді. Жүргізуші жол ережесін елемей, көлікпен тікелей шөптің үстімен жүріп өткен.
Бұл әрекет көпшіліктің наразылығын тудырды.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жүргізуші жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған 15 айлық есептік көрсеткіш (58 980 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Қоғамдық тәртіпті сақтау әрбір азаматтың міндеті. Камералар құқық бұзушылықтың алдын алу құралы. Мұндай тәртіпсіздіктерге бармас бұрын адамдар ойлануы керек, – дейді Астана қалалық полиция департаментінің өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жүргізуші полицейді капотпен бірге сүйреп кеткенін жазған болатынбыз.