«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Русланбек Бекжігітов, Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов, «Қазақстан барысы» жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай мен «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев қатысты.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Орталық спорт клубы жаттықтырушыларының халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлау жүйесіне қосқан үлесін атап өтті. Армия спортшыларының кәсіби шеберлігінің, спортқа барынша берілгендігінің және рухының арқасында осы күнге дейін Париж Олимпиадасына тоғыз лицензия жеңіп алынды. Пікір алмасу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері сөз болды. Ол тәжірибе алмасуды, өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруді және ОСК инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Тараптар министрліктердің ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қоюға ниет білдірді.