Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада екі жасар бүлдіршін балабақшада буллингке ұшыраған

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
17 Сәуір 2025, 18:53
5024
Бөлісу:
 архив
Фото: архив

Астана қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде екі жасар баланың буллингке ұшырағаны жөнінде баланың анасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне шағым түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.


Күні кеше анасы комитет төрағасы Насымжан Оспановамен кездесіп, болған жағдайды жан-жақты баяндап берген. Кездесу қорытындысы бойынша комитет бұл жағдайды жіті тексеруге шешім қабылдады. 28 сәуір күні Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті тиісті тексеруді бастайды, - делінген хабарламада.

Комитет өкілдері балалардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қатысты әрбір өтініш пен шағым мұқият қаралатынын атап өтті. Олар әр баланың қауіпсіз орта мен қамқорлыққа негізделген қарым-қатынасқа лайық екенін еске салды.

Бұл жағдай Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жіті бақылауында.

Еске сала кетейік, бүгін қала әкімі Жеңіс Қасымбек Сарайшық ауданының тұрғындарымен кездескен болатын. Кездесуде тұрғын осы мәселені көтеріп, шағымданғаны БАҚ беттерінде жарияланған еді. Баланың анасының сөзінше, оның екі жасар баласын бақша әкімшілігі “кішкентай Бишімбаев” деп атаған.

Өзгелердің жаңалығы