Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанада дамуында кінәрат бар балаларға арналған алғашқы «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды.
Аталған ерте араласу орталығы өз жұмысын биыл ақпан айында бастаған. Мұнда жыл сайын дамуы тежелген және осындай кінәраттың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі 600 бала «Samruk-Kazyna Trust» ұсынған жаңа жабдықтарда рабилитациялық (бейімдеу) және оңалту көмегін алып, диагностикалық аудиологиялық тексеруден және мидың электроэнцефалографиясынан өтеді. Балалармен реабилитолог-дәрігерлерден, неврологтардан, емдік-дене шынықтыру нұсқаушыларынан, эрготерапевтерден, логопедтерден және дефектологтардан тұратын мамандардың мультидисциплинарлық командасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 217 бала кешенді ем алып үлгерді. Ал жобаның бюджеті 91,9 млн теңгені құрайды.
Оңалту курстарынан кейін балалар қимыл-қозғалыс дағдыларын меңгеріп қана қоймай, сөйлеу және ойлау қабілеттерін де жақсартады. Әсіресе күнделікті өмір дағдыларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. 22 бала өз бетінше су ішуді, 14 бала тамақтануды, 27 бала отыруды, 13 бала еңбектеуді, 29 бала аяққа тұруды үйренді. Бұл айтылғандардың артында қаншама мамандар мен ата-аналардың еңбегі, олардың сәбилердің дені сау болашағына деген сенімі жатыр, - деді «Қамқорлық» ерте араласу орталығының жетекшісі, оңалтушы дәрігер Дина Тәжібаева.
Орталықтың ашылу салтанатында бір жасар бүлдіршін Болат Әзімге дәстүрлі түрде тұсаукесер рәсімі өткізіліп, ол оңалту курсынан кейінгі өзінің алғашқы қадамдарын жасады. Осылайша, ерте қолдау шаралары баланың қатарынан қалмай лайықты өмір сүруіне және дамуына мүмкіндік береді.
Ерте араласу орталықтарының негізгі мақсаты – балалар мүгедектігінің алдын алуға ұмтылу. Сондықтан жас ұрпақ тыныс-тіршілігінің алғашқы айларынан бастап оған білікті жан-жақты көмек көрсету өте маңызды. Тиісті орталықта Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Абай, Маңғыстау және Түркістан облыстарында іске қосылатын тағы 6 ерте араласу орталығындағыдай көзделген міндет үдесінен шығуға күш салынуда.
«Қамқорлық» орталықтарын құруға байланысты жобаның тиімділігіне осы бастамаға атсалысушы барлық тараптың жауапты көзқарас танытуы тікелей ықпал етеді. Егер біз аталған орталықтарды қажетті инновациялық жабдықпен жабдықтаумен айналыссақ, әкімдіктер ретіндегі жергілікті басқару органдары ғимарат ұсынып, орталықтарды ұстап тұру мен медицина қызметкерлеріне жалақы төлеуді қамтамасыз етеді. Ал «Қамқорлық» қоры қызметкерлерді оқытуды жүргізеді. Осылайша, өзара етене іс-қимыл аясында біз адамдарға көмек көрсету және жалпы өмір сапасын жақсарту сияқты негізгі мұратымызды орындауға қол жеткіземіз, - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Сондай-ақ 2022-2023 жылдары дамуы тежелген және ондай кінәраттың туындау қаупі бар балаларға арналған ерте диагностикалық және абилитациялық көмек көрсетудің қосымша 13 ерте араласу орталығын және аутизм мен басқа да ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған 8 орталықты ашу жоспарланып отыр.
Орталықтардың қызметімен елдің барлық өңірі қамтылатын болады.
2020 жылдан бастап «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Қамқорлық» жобасының алғашқы екі кезеңі аясында Қазақстанның барлық өңірінде 15 оңалту орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және 7 ерте араласу орталығы ашылып, оларды толық жабдықтау үшін 3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Жоба ірі қалалар мен облыс орталықтарын ғана емес, еліміздің шалғай ауылдарын да қамтып, бұл балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз етуге жол ашты.