Астанада ер адам дәмханада ұрлық жасаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласында бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру фактісі бойынша 43 жастағы ер адам ұсталды. Оқиға қала аумағындағы дәмханалардың бірінде болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті қоғамдық орында еркін қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланып, мүлікті жасырын түрде иемденген.
Атап айтқанда, «HP» маркалы ноутбук пен 80 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты қолды еткен. Келтірілген жалпы материалдық шығын 250 мың теңгені құрады.
Жәбірленушінің арызы негізінде полиция қызметкерлері жедел түрде іздестіру шараларын ұйымдастырды. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият зерделеу нәтижесінде күдіктінің әрекеті толықтай тіркеліп, оның жеке басы анықталды. Көп ұзамай ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында аталған азаматтың Астана қаласы аумағында осыған ұқсас тағы бір ұрлық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта екінші эпизод бойынша да сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.