Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде елордалық жастарға арналған ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен өтіп, оған жүздеген жұмыс іздеуші мен түрлі салалардағы жетекші компания өкілдері қатысты.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – түлектер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, жастардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік жасау.
Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда тек диплом емес, практикалық дағдылар да ерекше маңызды.
Жәрмеңке барысында бірқатар үміткерлер алғашқы сұхбаттан өтіп, келесі кезеңге шақырылды. Сондай-ақ қатысушыларға түйіндеме әзірлеу және өзін таныстыру дағдыларын жетілдіруге арналған кеңестер берілді.
Іс-шарада техникалық мамандықтармен қатар гуманитарлық бағыттағы түлектерге де бос орындар ұсынылды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыратынын атап өтті.
Жәрмеңкеге қатыса алмағандар үшін бос жұмыс орындары цифрлық платформалар мен ресми мемлекеттік ресурстар арқылы қолжетімді екені айтылды.