Бұл жайында Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен «Жаңа туған нәрестелер мен аналардың денсаулығын сақтау» туралы брифинг барысында қаланың бас педиатры Дана Абельгазина айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, Астанада 15121 бала дүниеге келген.
Тамыздың бірінші аптасында табиғи жолмен емізудің бала денсаулығына пайдасын түсіндіру үшін БДСҰ, ЮНИСЕФ және көптеген елдің денсаулық сақтау министрліктері, азаматтық қоғам серіктестерінің қолдауымен Дүниежүзілік бала емізу апталығы өтеді. 2023 жылғы апталық ана сүті мен еңбек қызметінің үйлесімділігіне бағытталып, емізулі балалары бар аналардың құқықтарын қорғауға арналады. Жалпы қаламызда күн сайын 60-70 нәресте дүниеге келеді, - деді Дана Абельгазина.
Оның айтуынша, ана құқығын қорғап, 18 аптадан кем болмайтын, 6 айдан асатын жүктілік демалысының берілуін және жұмысқа шыққаннан кейін де оларға қажетті жағдайдың жасалынуын насихаттауға бағытталады.
Сондай-ақ соңғы он жылда көптеген елде табиғи азықтандыру бойынша айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Қазіргі уақытта 70%-ға жуық келіншек баланы табиғи жолмен тамақтандырады.