Астанада биыл 30 қоғамдық кеңістік ашылды

4 Қараша 2024, 23:52
418
Бөлісу:
Астанада биыл 30 қоғамдық кеңістік ашылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қалада атқарылған шаруалар туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Мегаполис басшысы биыл қаланы көркейту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді деп отыр.  140-қа жуық аула мен 30 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аллеялар) абаттандырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын пайдалы өткізетін тартымды орындар көптеп ашылды.

Мәселен, тұрғындар Мәңгілік ел даңғылы, Әлихан Бөкейхан және Орынбор көшелерінің квадратында орналасқан учаскені абаттандыру мәселесін көтерді. Біз бұл жердегі саябақты абаттандырдық. Ол бірнеше функционалды аймаққа бөлінген, олардың әрқайсысы түрлі топтағы келушілерге арналған. Бұл маңайда серуендеу алаңы, демалысты жайлылықта өткізуге арналған аймақ – мұнда мәдени іс-шараларға арналған шағын амфитеатр, көгалдандырылған аймақ, балаларға арналған ойын алаңы – түрлі кешендері бар ойын алаңдары, әткеншектер мен құмсалғыштар болады. Қазіргі уақытта соңғы жұмыстары жүріп жатыр, - деп атап өтті қала басшысы.

Айтуынша, «Жастар» саябағы айтарлықтай өзгерген. Мұнда скейт-парк, памп-трек, ойын аймағы және т.б. орнатылды. Саябақ аумағында қазіргі заманғы «Сана» спорт кешені де жұмыс істейді.

Биыл қаланың вокзал маңы мен оған іргелес жатқан Біржан Сал және Гете көшелері абаттандырылды. Вокзал маңындағы көшелердің жалпы ұзындығы – 1,5 км. Сол сияқты мұнда 5 қоғамдық кеңістікті абаттандыру қарастырылды. Тәуелсіздік сарайының алдында орналасқан «Қазақ Елі» алаңында жалпы ауданы 13 га аумақты абаттандырып, көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Бұл жұмыспен қаланың барлық ауданын қамтыдық. Келесі жылы да аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (гүлзарлар, желекжолдар, саябақтар) абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы