Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада ауру малдың еті сатылып жатқаны рас па?

2 Шілде 2025, 16:55
1353
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Желіде Астанадағы "Әлем" сауда орнына сібір жарасы ауруына шалдыққан мал етінің жеткізілгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ресми түрде жоққа шығарды.

Бүгінгі күнге дейін елордадағы сауда орталықтарында, соның ішінде "Әлем" сауда орнында жұқпалы ет өнімінің сатылуы немесе жеткізілуі туралы ешқандай факт тіркелген жоқ. Барлық жеткізілген ет өнімдері міндетті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ, - делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін бірен-саран жағдайлар тіркелген Атбасар ауданында кешенді дезинфекциялық жұмыстар толық аяқталды. Қауіпті ет өнімдері белгіленген санитарлық тәртіппен жойылды. Тұрғындар медициналық тексеруден өтіп жатыр.

Азаматтарды тек ресми дереккөздерге, яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ақпараттарына сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз, - деді комитеттен.

Өзгелердің жаңалығы