Бүгін Asian Awards 2025 салтанатты марапаттау рәсімі Орталық Азияда алғаш рет Астанада өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Asian Awards – паралимпиадалық спорттағы үздік жетістіктерді дәріптеу мақсатында Азия Паралимпиада комитеті тағайындаған беделді сыйлық. Бұл – елімізде өтіп жатқан Азия Паралимпиада комитетінің Конференциясы мен 8-ші Бас Ассамблеясы аясында ұйымдастырылған негізгі іс-шара.

Жүлде Азиядағы паралимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін спортшыларға, бапкерлерге, ұлттық комитеттерге, ресми тұлғаларға, командаларға және БАҚ өкілдеріне беріледі.
Біздің параспортшыларымыз өте мықты және Париж паралимпиадасында жоғары көрсеткіш көрсетті. Парадзюдодан болсын, паражүзуден болсын алтын да бар, Азияның рекордсмендері де бар. Сол себепті Asian Awards жүлдегерлерінің қатарынан біздің спортшылар да көрінеді деп ойлаймын, – деді дзюдодан Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбек.
Биыл марапаттар жеті негізгі аталым бойынша беріледі:

• Best Youth Athlete – үздік жас спортшы;
• Best Female Athlete – үздік әйел спортшы;
• Best Male Athlete – үздік ер спортшы;
• Best Team Performance – үздік команда;
• Best Photography – үздік фотосурет;
• Exemplary Asian Official – Азияның үздік спорт қызметкері;
• Outstanding NPC Performance – үздік ұлттық паралимпиада комитеті.
Іс-шара ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Азия Паралимпиадалық комитетінің және халықаралық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.
