Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде Ұлы Отан соғысындағы аңызға айналған Панфилов дивизиясының құрылғанына 85 жыл толуына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ондағы мақсат – экспозиция тек тарихи деректерді көрсету ғана емес, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне бағытталған маңызды алаңға айналып отыр.
50-ден астам бірегей құжат ұсынылды
Көрмеде 50-ден астам архивтік материал ұсынылған. Олардың басым бөлігі – Президент архивінің қорынан алынған түпнұсқа құжаттар. Сонымен қатар әскери-патриоттық музейлерден жеткізілген деректер де бар.
Экспозицияда Панфилов дивизиясының құрылу кезеңінен сақталған фотосуреттер, жауынгерлердің жеке құжаттары мен іс қағаздары, сол кезеңдегі кинохроникалар және Алматы киностудиясында 1942 жылы түсірілген әскери хроника сценарийі көрсетіліп отыр, - деді архив басшысы Әлия Мұстафина.
Оның айтуынша, бұл материалдардың бірқатары бұрын көпшілікке ұсынылмаған.
\
Бауыржан Момышұлы мен Мəлік Ғабдуллиннің мұрасы
Көрмеде қазақтың даңқты батырлары – Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин туралы тың деректер де қойылған.
Олардың жеке құжаттары, әскери жазбалары және сирек фотосуреттері келушілерге ұсынылған.
Көрмеге Панфиловшылардың бірі – Кеңес Одағының батыры Мұсабек Сейітбаевтың ұрпағы Төлеген Мұсабекұлы да арнайы келген.
Атамыздың өмір жолы өте күрделі болған. Ол 1914 жылы қазіргі Алматы облысында дүниеге келген. Ерте жастан жетім қалып, қиын кезеңдерді бастан өткерген. Соған қарамастан, ел басына күн туған шақта майданға аттанып, генерал Иван Панфилов жасақтаған дивизия құрамында ерлік көрсетті.Батырдың ұрпағы болу – үлкен жауапкершілік. Біз тек мақтану үшін емес, сол ерлікті лайықты жалғастыру үшін өмір сүруіміз керек деп ойлаймын,- дейді ол.
Көрмеге мектеп оқушылары да қатысты
Жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ояту мақсатын алға тартқан бұл көрмеге Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицей ұжымы мен әскери-патриоттық ұйым өкілдері де қатысты. Айтулы шара аясында білім беру ұйымдарына құнды тарихи жәдігер табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспозиция бір күндік емес. Көрме осы айдың соңына дейін жалғасады. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары тарихи деректермен жақынырақ таныса алады.