Астанада жүргізілген мониторинг нәтижесі мектеп оқушылары арасындағы дұрыс тамақтану мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетті. Зерттеу барысында 5-6 сынып оқушыларының жартысынан астамы фастфуд пен газдалған сусындарды тұрақты түрде тұтынатыны анықталған. Бұл туралы Астана қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Асылгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген мониторинг балалардың дұрыс тамақтанудың маңызын жақсы түсінетінін көрсеткенімен, олардың күнделікті тамақтану дағдылары бұл біліммен әрдайым сәйкес келе бермейтінін байқатқан.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 50 пайыздан астамы фастфуд пен тәтті газдалған сусындарды жиі тұтынады. Ал балалардың тек 23,2 пайызы ғана күнделікті рационына жеткілікті мөлшерде көкөніс пен жеміс-жидек қосады.
Сонымен бірге оқушылардың 70,5 пайызы өздерінің тамақтану әдеттерін жақсартуға дайын екенін білдірген.
Балалық шақтағы артық салмақ ересек жаста қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары, зат алмасу бұзылыстары және басқа да созылмалы аурулардың даму қаупін арттырады,- деді Шағалтаева.
Маманның айтуынша, дұрыс тамақтану мәдениеті ең алдымен отбасында қалыптасады. Кейін бұл дағдылар мектеп ортасында жалғасып, нығая түседі.
Осыған байланысты ата-аналар мен педагогтарға балалардың күнделікті рационына ерекше назар аудару ұсынылады.
Атап айтқанда дұрыс әрі теңгерімді тамақтануды қамтамасыз ету, тәтті газдалған сусындар мен фастфудты шектеу, балалардың дене белсенділігін арттыру және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Сарапшылар балалардың тамақтану дағдысын өзгертуге дайын болуы оң көрсеткіш екенін атап отыр. Бұл ата-аналар, мұғалімдер, медицина қызметкерлері және мектеп әкімшілігі бірлесе жұмыс істеген жағдайда нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.