Астанада 23 мыңнан астам зейнеткер Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барады

Орталықтың басты мақсаты – егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне ықпал ету, өмір сапасын жақсарту, олардың қоғаммен араласуына, қарым-қатынас орнатуына және өзін-өзі дамытуына мүмкіндік жасау.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 Қараша 2026, 19:49
1 Қараша 2026, 19:49
151
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Астанада 23 мыңнан астам зейнеткер Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тіркелген. Мұнда аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуына, білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Орталықтың алты аудандық бөлімшесіне күн сайын 2,5 мыңнан астам адам келеді.

Қазір орталықта 20 бағыт бойынша тұрақты үйірмелер мен секциялар, сондай-ақ қызығушылықтарына қарай құрылған 30-дан астам клуб жұмыс істейді. Зейнеткерлер үшін барлық сабақ тегін өткізіледі.

2026 жылдың басынан бері орталыққа 4 367 зейнеткер тіркеліп, қызмет ала бастаған. Тіркелген азаматтардың 13 367-сі 70 жасқа дейінгі адамдар, 8 719-ы 70 пен 80 жас аралығындағылар, ал 975-і 80 жастан асқан зейнеткерлер.

Орталықта егде жастағы адамдардың физикалық және эмоционалдық саулығын сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта спорттық-сауықтыру сабақтары ұйымдастырылған. Эмоциялық тұрғыдан тынығуға арналған сенсорлық бөлме, физиотерапия және релаксация кабинеттері жұмыс істейді. Зейнеткерлер цигун, кунг-фу, би, волейбол және үстел теннисімен де айналыса алады, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жаңа білім мен дағды меңгергісі келетіндерге компьютерлік сауаттылық және шет тілдерін үйрену курстары қарастырылған. Сонымен қатар егде жастағы азаматтардың заманауи технологияларды сенімді пайдаланып, күнделікті мәселелерде дұрыс бағдар табуына көмектесетін құқықтық және қаржылық сауаттылық сабақтары өткізіледі.

Шығармашылық қабілетін шыңдағысы келетіндерге де мүмкіндік мол. Зейнеткерлер кітап оқу және поэзия клубтарына, хор мен вокал үйірмелеріне қатыса алады. Сондай-ақ домбыра мен гитарада ойнауды үйреніп, домбырашылар оркестріне қосылуға, қолөнермен, кілем тоқумен, тігін тігумен және басқа да шығармашылық бағыттармен айналысуға болады.

Орталықта «Зияткерлік ойындар», «Күміс волонтерлер», «Тіл шаңырағы», «80 жастан асқан әжелер», «Киім үлгілерін көрсету» және басқа да клубтар жұмыс істейді. Бұл бірлестіктер егде жастағы адамдарға пікірлес жандарды табуға, қабілетін дамытуға және қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік береді.

Аудандық бөлімшелерге келетіндердің арасында зейнет жасындағы әйелдер белсенділік танытады. Әсіресе шығармашылық және қолданбалы сабақтарға сұраныс жоғары. Мәселен, еңбек терапиясына 746 адам, тігін тігу негіздерін үйренуге 162 адам, арт-терапияға 304 адам қатысқан.

Орталықтың жұмысы тек бос уақытты ұйымдастырумен шектелмейді. Мұнда егде жастағы азаматтардың қарым-қатынас аясын кеңейтуге, әлеуметтік белсенділігін сақтауға және жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасалған. Үйірмелер мен клубтарға қатысу олардың қоғамдық өмірден шет қалмай, жаңа қызығушылық тауып, уақытын пайдалы өткізуіне көмектеседі.

Қазір Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлімшелері Астананың алты ауданында жұмыс істейді.

Орталық елордалық зейнеткерлерді үйірмелерге, спорттық-сауықтыру секцияларына, білім беру курстары мен қызығушылық клубтарына тегін қатысуға шақырады. Әр адам өз қалауына және мүмкіндігіне қарай сабақ түрін таңдай алады.

Белсенді ұзақ өмір сүру – жасқа қарамастан білім алып, дамуға, араласуға және өмірді мазмұнды өткізуге берілген мүмкіндік.

Наверх