Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бір тәулік ішінде олар қаладан мыңдаған жүк көлігімен қар шығарады, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
31 қаңтар күні таңертең қар тазалау жұмысына 2 633 жол жұмысшысы мен 1 862 арнайы техника шықты.
31 қаңтарға қараған түні елорданың қар полигондарына 50 мың текше метрден астам қар 3 735 ауыр жүк рейсімен шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап қаладан 353 998 рейспен 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылды. Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады.
Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде "112" нөміріне хабарласыңыз.