ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің 2024 жылғы 26 сәуірдегі ұйғарымына сәйкес «Астана-Теміртау» автомобиль жолының 1305-1327 шақырымы аралығындағы учаскеде (Бабатай кентінен – Аршалы кентіне дейінгі учаске) жылдамдық режимі 120-дан 140 км/сағ дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚазАвтоЖол-дың мәлімдеуінше, «Астана-Теміртау» ақылы жолының Аршалы кенті учаскесі жанындағы ұзындығы 4 шақырым болатын («Екатеринбург-Алматы» республикалық маңызы бар автожолының 1327 шақырымынан +350 м 1331 шақырымына +450 м дейінгі аралық) көлік айрығында 120 км/сағ дейін жылдамдыққа шектеу қойылғанын хабарлайды.
2023 жылдың мамыр айында ҚР ІІМ Ақмола облыстық полиция департаментінің «Аршалы аудандық полиция бөлімшесі» сол жол учаскесінің 1305-1327 шақырымы аралығында жылдамдық режимін 140 км/сағ-тан 120 км/сағ дейін азайтқан болатын.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ның «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы аталмыш жол учаскесі 1-А «Автомагистраль» санатына жататынын және ережеге сәйкес автомагистральдарда қозғалыс жылдамдығы 140 км/сағ екенін хабарлайды.
Сонымен қатар, келесі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарда мынадай қозғалыс жылдамдығы бекітілген:
1. І-а санаты – 140 км/сағ (Астана-Павлодар, Астана-Щучинск, Астана-Теміртау, Алматы-Қонаев);
2. І-б санаты – 110 км/сағ (Алматы-Қорғас, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Қонаев-Талдықорған, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Щучинск-Көкшетау);
3. ІІ санат – 100 км/сағ (Павлодар-Семей-Қалбатау, Көкшетау-Петропавл, Павлодар-РФ шекарасы (Омбы бағыты), Орал-РФ шекарасы (Самара бағыты), Орал-РФ шекарасы (Саратов бағыты), Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы).