Астана – Қарағанды жолында бірнеше көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Апат Ошағанды кентінің маңында болған. Боран мен жолдың нашар көрінуі салдарынан тізбекті қатарда бірнеше көлік соқтығысқан.
10 наурызда сағат 11:00 шамасында Астана – Қарағанды автожолының Ошағанды кенті маңында, Қарағанды қаласына қарай бағытта жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, тас жолдың 147-шақырымында 7 көлік соқтығысқан. Болжам бойынша, соқтығысу тізбекті реакция түрінде болған. Алдымен Chevrolet Nexia автокөлігі келе жатқан, одан кейін Chery Tiggo-мен соқтығысқан. Содан соң Toyota Land Cruiser автокөлігі Chery Tiggo-ны соққан. Олардың артынан жүк көлігі Toyota Land Cruiser-ге соқтығысып, содан кейін «ҚазАвтоЖол» мекемесінің қызметтік пикап көлігі мен УАЗ Hunter автокөлігі соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Land Cruiser автокөлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, сондай-ақ УАЗ Hunter автокөлігінің жүргізушісі зардап шеккен. Ол медициналық мекемеге жеткізілген. Жол апатына ұшыраған көліктер жол қозғалысына шектеу қойылғанға дейін сапарға шығып кеткен.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері және жедел медициналық көмек бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қажетті тергеу және іс-жүргізу әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерді ауа райы жағдайын қатаң ескеруге және қозғалысқа шектеу қойылған кезеңде қала сыртындағы тас жолдарға шықпауға тағы да шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайында 20 рейс кешігіп жатқаны хабарланды.