«Астана Опера» сахнасында Қажығалиев пен Шопеннің жауһар туындылары ұсынылады

14 Мамыр 2019, 12:31
2056
Бөлісу:
«Астана Опера» сахнасында Қажығалиев пен Шопеннің жауһар туындылары ұсынылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 мамыр күні елордалық опера театрының сахнасында Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірова (фортепиано) және маэстро Анатолий Левиннің (Ресей) жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің қатысуымен симфониялық музыка концерті өтеді. Тыңдарман назарына Тілес Қажығалиев пен Фредерик Шопеннің жауһар туындылары ұсынылмақ, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Екі бөлімнен тұратын мазмұнды концерттік бағдарламаға Тілес Қажығалиевтің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті, Фредерик Шопеннің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті, В.А.Моцарттың «Идоменей» және Дж.Россинидің «Семирамида» операларына увертюралары енді. 

Танымал қазақстандық пианист Жәния Әубәкірованың концерттері әлемнің үздік залдарында өтуде. Оның көптеген марапаттарының қатарында – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы, ҚР Мемлекеттік сыйлығы лауреаты атақтары, Франция Өнер және әдебиет ордені бар. 

Қажығалиевтің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концертін Жәния Әубәкірова Отанымызда ғана емес, шетелде де табыспен орындады, шығарма әрдайым әккі көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленіп келеді. Отандық классиканың атақты туындысы жарқын ұлттық нақыш пен қазақ халқының асқақ рухын керемет жеткізеді. Ф.Шопеннің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті – романтизм кезеңіндегі ең көрнекті фортепианолық музыкалық шығармалардың бірі. Керемет сазгерлік шеберлік фортепианолық партияны жазудан ғана емес, сондай-ақ симфониялық оркестрді терең түсінуден де көрініс тапқан.   

«Қажығалиевтің фортепианолық өңдеуінің артықшылығы музыканы естіп қана қоймай, оны көруге де мүмкіндік береді. Сірә, осы арқылы композитор музыканың ішкі мазмұнына көңіл бөліп қана қоймай, оны жеткізудің сыртқы пішініне назар аударған қазақ халқының суырыпсалма әншілерінің аспаптық орындаушылығының ең қымбат көне дәстүрін жалғастырғандай», - деп атап өтті Жәния Әубәкірова. 

«Астана Опера» симфониялық оркестрінің тұғырына алғаш рет маэстро Анатолий Левин шығады. Ол Валерий Афанасьев, Наталья Гутман, Элисо Вирсаладзе, Дитрих Хеншель сынды атақты музыканттармен, көптеген белгілі оркестрмен ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Дирижер тұрақты түрде Еуропа, Оңтүстік Америка мен Жапония елдерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы