Astana Open. Михаил Кукушкин Бенуа Перді тізе бүктірді

29 Қазан 2020, 22:06
1378
Бөлісу:
Astana Open. Михаил Кукушкин Бенуа Перді тізе бүктірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан теннисшісі ATP 250 Astana Open турнирінің 1/8 финалында әлемнің 24-ракеткасы Бенуа Пермен кездесті.

Француз турнирдің бірінші нөмірі, сондықтан бұл ойын оның турнирдегі алғашқы кездесуі болатын. Ал Кукушкин бір күн бұрын тартысты өткен кездесуде аргентиналық Федерико Дельбонистан айласын асырған еді.

Бірінші сетте қос теннисшінің шамасы бірдей болды. Михаил Кукушкин тек біріншісі сәтсіз болды демесең, қалған допты ойынға қосу кездерінде геймді өз пайдасына оңай шешті. Діттегенге дөп тиіп жатқан добы қарсыласын әбден састырды. Бенуа Пердің допқа ойынға қосуы да ойдағыдай болған жоқ. Ал сегізінші геймде қатарынан үш қателік жасап, оны өз пайдасына шешкен Кукушкин көптен күткен қайтарма брейкті алды. Тең дәрежеде өткен сет тай-брейкпен аяқталды. 1:5 есебімен жеңіліп тұрған жерлесіміз таразы басын теңестірді, бірақ Перу допты бірінші ойынға қосуда жолы болып, сетті өз пайдасына аяқтады.

Екінші партияда Кукушкиннің қарсыласы 3:0 есебімен алға шықты, алайда Кукушкин допты ойынға қосуда басымдық танытып, төртінші геймде ұпайын еселеді. Бенуа Пердің сүйікті әдістері виннерлер мен эйстер бұл жолы қалағандай бола қоймады.  Соңғы қателігі Кукушкиннің қайтарма брейкіне әкеліп, допты ойынға қосқан келесі геймде Михаил есепті теңестірді – 4:4. Бір-бірінің қимылына тиісінше жауап беруге тырысып баққан қос мықтының кезекті текетіресі тай-брейкпен жалғасты. Бұл жолы алаң иесінің соққылары дәл тиіп, партия бойынша есеп тең түсті.

Үшінші сет әр ұпай үшін күрес жағдайында өтті. Бұл жолы бірінші брейк Михаил Кукушкиннің еншісінде. Бену Пер есеп айырмасын өзгертуге барын-ақ салды, бірақ ойын тізгінін қолына мықтап ұстаған жерлесіміз қайсарлық танытып, алшақтықты үш геймге дейін ұзартты.

Қазақстандық әр соққыға дәл жауап қайтарды, тағы бір брейкке иелік етіп, сенімді басымдықпен турнирдің сенсациялық жеңісіне қол жеткізді. Есеп: 6:7 (4:7), 7:6 (7:2), 6:1.

Михаила Кукушкиннің ширек финалдағы қарсыласы Эмиль Руусувуори. Ол бүгін үш сетте австралиялық Джордан Томпсонды жеңді.

Өзгелердің жаңалығы