Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне төленетін сыйлықақыны арттыру жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ереженің жаңа мазмұны Ашық НҚА порталында жарияланды.
Бұған дейін Астана спортшылары Олимпиада мен Паралимпиада жеңімпазы (1-орын) атанса, 250 АЕК мөлшерінде сыйақы алатын. Енді жеңімпаздар 500 АЕК мөлшеріндегі қаржылай қолдауға ие болады. Сәйкесінше, екінші орын иелеріне 400 АЕК (бұрын 200 АЕК), үшінші орын иелеріне 300 АЕК (бұрын 150 АЕК) сыйақы төленеді, - деп жазылған құжатта.
Бұрын Сурдлимпиада жүлдегерлерінің сыйақысы өте төмен деңгейде болып келсе, енді олар сыйақы мөлшері жөнінен Олимпиада мен Паралимпиада қатысушыларымен теңестірілді.
Сондай-ақ жаңа ережеде жасөспірімдер арасындағы Олимпиада, Азия чемпионаттары және Универсиада және өзге де халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшыларға төленетін сыйақының мөлшері жаңарған.
Тізімге қосылған жаңа тармақ – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Бұл ойындарда жеңімпаз атанған астаналық спортшылар енді 150 АЕК мөлшерінде сыйақы алса, ІІ орын иесі 125, ІІІ орын иесі 100 АЕК мөлшерінде сыйақы алады.