ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Қазақстанда алюминий дөңгелек дискілерін өндіру жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр американдық Open Element компаниясының бас директоры Мустафа Аккаримен және кореялық Hands Corporation төрағасы Сон Хен Чанпен кездесу өткізді. Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық және Қазақстанда алюминий дөңгелек дискілерін өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құру жобасын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Жоба қазақстандық Astana Motors компаниясының, сондай-ақ халықаралық серіктестер – Open Element (АҚШ) және Hands Corporation (Корея Республикасы) қатысуымен заманауи жоғары технологиялық зауыт салуды көздейді.
Ол автомобиль өнеркәсібінде локализацияны тереңдетуді, импортқа тәуелділікті азайтуды, сабақтас салаларды дамытуды және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуды қамтамасыз етеді. Жаңа кәсіпорын Қазақстанда алюминий дөңгелек дискілерін өндіру бойынша толық технологиялық циклмен, оның ішінде озық инженерлік және өндірістік шешімдерді трансферлеуді қамтитын алғашқы заманауи өндіріс болады, - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Шетелдік серіктестер Қазақстанның жобаны жүзеге асыру алаңы ретінде таңдалуы елдегі автомобиль өндірісінің тұрақты өсуімен байланысты екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Меморандумға қол қою рәсіміне Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, Astana Motors бас директоры Бекнур Несіпбаев, Open Element негізін қалаушы және бас директоры Мустафа Аккари, Hands Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Сын Хен Чан, сондай-ақ Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті Анар Макашева қатысты.
Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның тек ішкі нарық үшін ғана емес, сонымен қатар өңірлік нарықтар үшін де ірі автокомпоненттер өндірушісі және жеткізушісі рөліне көшу жөніндегі ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі болып саналады.