Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Астана қаласы Күзет қызметі басқармасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында «Этносаралық қарым-қатынасты нығайту бойынша» бірлескен жоспары аясында «Достық» үйі ғимаратында 1 наурыз – «Алғыс айту» күні мерекесіне орай дөңгелек үстел өтті.
Шараға Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасының полицейлері, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ және Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, «Қырғызстан-Астана» ҚБ төрағасы Ш.А. Исмаилов, «Вайнах» Шешен-Ингуш этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Б.У. Солсанов, «Таң» Татар-Башқұрт этномәдени орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары З.М. Низамутдинова, «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары Х.Х. Шарипов және «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы А.А. Пириев арнайы шақыртылды.
Іс-шара барысында Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Н.Б. Айдашев модератор болды. 1 наурыз – «Алғыс айту» күні мерекесіне орай арнайы өткізілген дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Астана қаласы Күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры О. Омаровтың алғы сөзімен басталды.
О. Омаров өздері қызмет атқарып жатқан мекемеде орыс, қырғыз, түрік, өзбек, ингуш, күрт, неміс, армен, мареец, украин, түркімен және түрік ұлттарының азаматтары мен азаматшаларының қызмет атқаратынын, сондай-ақ олардың Қазақстанның әр аймағынан жиналғанын және бүгінгі күні бірлігі мен татулығы жарасқан ұжым екенін үлкен қуанышпен жеткізді.
О. Омаров полицияның қызметі – мемлекеттік қызметтің айрықша бір түрі екенін айта келе, Елбасы саясаты полиция қызметінде дәйекті жүзеге асырылатынын және 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты полицияға ұлтына, тіліне, әлеуметтік жағдайларына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті түрде заң талаптарына сәйкес қабылданатынын қатысушылардың назарына жеткізді.
Бұдан бөлек этномәдени орталықтарының өкілдері ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқына алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін және шынайы құттықтауларын жеткізді. Бұдан басқа Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасының қызметкерлері полиция подполковнигі Р. Газдиев, полиция сержанты А. Филатов, полиция кіші сержанттары М. Голиков және Ж. Алиханова қысқаша өмірбаяндарын айтып, бүгінде Қазақстан полициясының қатарында Тәуелсіз мемлекетімізге қызмет атқарып жүргендерін үлкен мақтанышпен қабылдайтындарын және жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруға міндеттеніп, армандарының орындалуына мүмкіндік берген басшылыққа алғыстарын білдірді. Іс-шара соңында өзара әрекеттестікті дамыту, бірлескен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру ұсыныстары қарастырылды, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ағымдағы жылғы 23 ақпанда Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен «Алатау» СК шағын футболдан жолдастық кездесу өткізу жоспарланды.