Астана мен Каир арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

25 Ақпан 2023, 15:01
1065
Бөлісу:
Астана мен Каир арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шариф Каир губернаторы, генерал Халид Абдель-Ааль Абдель-Хафезбен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында тараптар Астана мен Каир арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері мен екі елдің астаналары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату қажеттілігі туралы пікір алмасты.

Қала әкімі елшіге бүгінде 22 млн адамнан асатын қалалық агломерацияның («Үлкен Каир» деп аталады) дамуы, жаңа әкімшілік астана салу арқылы жолдардағы көлік қозғалысы мен Каирдегі халықтың тығыздығын азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Әлемдегі ең ұзын пилотсыз монорельсті жүйеге айналуы тиіс Каир монорельсті жолының құрылысының барысы туралы хабардар етті. Жүйенің екі жолдан тұратынын, олардың біреуінің ұзындығы 35 км, екіншісі 52 км екендігін атап өтті.

Өз кезегінде қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға жариялаған бағыты шеңберіндегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып берді. Бәсекелестікті арттыру, ұлттық табысты әділ бөлу, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау шараларын қарастыратын еліміздегі экономикалық реформалардың жаңа бағдарламасын атап өтті.

Тараптар биылғы жылы Мысыр мен Сириядағы қыпшақ мәмлүк мемлекетінің негізін қалаушы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын тойлау аясында Каирде ежелгі Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылуына дайындық мәселесіне ерекше назар аударды. Осы тұрғыда Елші Каирде Қазақстанның мәдениет күндерін өткізуді ұсынып, бұл шара елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудағы алдағы қадамдармен жалғасатынына сенім білдірді, - делінген ведомство хабарламасында.

Елші Каир басшысын Астанаға келіп, 2022 жылы «Statista Global Business Cities» мәліметтері бойынша Африкадағы жаһандық іскер қалалар рейтингінде бірінші орын алған қаланың басшысы ретінде Қазақстанның астанасында ағымдағы жылдың 8-9 маусымында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мысыр астанасы мен Қазақстан өңірлері арасындағы байланыстарды жандандырудағы практикалық шаралар туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы