Астана мен Бурабайды чартерлік әуе рейстері байланыстыруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Астана мен Бурабай арасында әуе қатынасын ашу мүмкіндігі туралы айтқан сөзіне түсініктеме берді.
Ақмола облысына қатысты мұндай мәлімдеме расында болды, оны баспасөзден көрдім. Әңгіме тапсырыспен орындалатын чартерлік бағыттар туралы – Астана мен Бурабай арасында қатынайтын шағын әуе кемелері жөнінде болды. Бұл жолаушылардың жылдам әрі қолайлы жетуіне мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай мүмкіншілік бар. Институционалдық тұрғыдан алғанда ешқандай кедергі жоқ. Әуе кемелерінің паркі кеңейіп келеді. Сондықтан мұндай маршруттар ашылуы әбден мүмкін деп ойлаймын, – деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астана мен Бурабай арасында әуе рейсі іске қосылатынын айтқан болатын.