Астана маңындағы Жібек жолы ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.
Қазіргі уақытта тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Осы рәсім аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады, - деді ведомство өкілі.
Еске салайық, 2 наурыз күні Астана маңындағы Жібек жолы ауылында жантүршігерлік қылмыс болып, ер адам өз отбасының төрт мүшесін қатыгездікпен өлтірген болатын.
Тергеу нұсқасына сәйкес, психикалық ауытқуы бар ер адам ата-анасын, нағашысын және 18 жастағы жиен қарындасын өлтірген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдікті бұған дейін психиатриялық емдеу мекемесінде ем қабылдаған.