Желіде Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы ұшағының Астанаға жақын жерде құлаған сәті түсірілген видео жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеңіл моторлы ұшақтың қатысымен болған төтенше жағдай 17 тамызда орын алған еді. Оқиға салдарынан екі адам – ұшқыш пен жолаушы қаза тапты.
Апатты тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің, көліктегі полиция департаменті мен Ақмола облысы қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылды.
Aerostar R40F – румын өндірісіндегі шағын екі орындық оқу-жаттығу және спорттық ұшақ. Ол жеңіл әуе көліктерінің санатына жатады: төмен қанатты, алюминий корпусты және жиналмайтын үш тіректі шассимен жабдықталған. Ұшақ шамамен 100 ат күшіне ие Rotax қозғалтқышымен жарақтандырылған және негізінен оқу-жаттығу мен серуендік әуе ұшуларына пайдаланылады.
Бұған дейін Ақмола облысында жалпы мақсаттағы авиация желісі бойынша ұшуды орындау кезінде Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы әуе кемесі апатқа ұшырағанын хабарланғанбыз.
Оқиға салдарынан ұшқыш пен жолаушы қаза тауып, полиция қылмыстық іс қозғады.
Үш баланың анасы қаза тапқан оқиғадан кейін жеке авиацияға бақылау күшейтілетіні хабарланды.
Сондай-ақ, Астана маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан әйелге қатысты деректер анықталды. Әйел ұзақ жылдар бойы армандап жүрген тілегін орындап, туған күнінде өзіне сыйлық жасағысы келген.