Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, түрлі дін өкілдерін ортақ диалогқа біріктіретін маңызды алаңға айналды. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Қазақстанның Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұртөре Жүсіп BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы аясында ол алдағы съезге дайындық пен дінаралық диалогтың маңызына тоқталды.
Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Қазақстан астанасында осы уақытқа дейін сегіз съезд өткен. Ендігі міндет – тоғызыншы съезге дайындықты пысықтап, алдағы жұмыстың бағыттарын айқындау.
Алда тоғызыншы съезге дайындық тұр. Бүгінгі отырыста алдағы жоспарлар бекітіліп, күн тәртібі айқындалады. Тоғызыншы съезді тиісті деңгейде өткізу мәселелері қарастырылады, – деді ол.
Қоғам қайраткері бұл жиынның мәні әртүрлі діни көзқарастағы адамдарды бір үстел басына жинап, өзара пікір алмасуға мүмкіндік беруінде екенін атап өтті.
Әртүрлі дін мен діни ұйымдар лидерлерінің, әдетте ымыраға, мәмілеге келе бермейтін адамдардың басын қосатын үлкен алаңға айналды Астана, – деді Нұртөре Жүсіп.
Оның пікірінше, съезд Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын айқындайтын алқалы жиын ретінде қалыптасқан. Сондықтан оның мазмұнды әрі нәтижелі өтуі халықаралық қауымдастық үшін де маңызды.
Бұл тек Қазақстан ғана емес, жалпы әлем назарын тіккен оқиғаға айналып отыр. Мұны Қазақстанның саяси аренадағы үлкен мәртебесі, жеңісі деп те бағалауға болады, – деді ол.
Айта кетейік, 7 қазандағы Хатшылық отырысының күн тәртібіне діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі мен климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі жөніндегі құжаттарды қарау енгізілген. Сондай-ақ жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары хартиясын таныстыру жоспарланған. Құжат баланың қадір-қасиетін қорғауға, медициналық және психологиялық көмек алуына, отбасына қолдау көрсетуге бағытталған.