Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. LRT жобасы құрылысы кезінде бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша бірнеше лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу департаментінің аға тергеуші Данияр Бигайдаров мәлімдеді.
"Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары "Астана ЛРТ" ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданды халықаралық іздестіруге қатысты мәселені жаппай талқылап жатыр. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Астана ЛТР" лауазымды тұлғаларына қатысты жеңіл рельсті көлік жобасы құрылысы кезінде бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты толық ақпаратты бере алмаймыз. Тергеу амалдары барысында жымқыру сомасы анықталатын болады",- деді аға тергеуші.Бигайдаров іс сотқа берілмегенін, алайда соттың санкциясымен оған халықаралық іздеу жарияланғанын атап өтті. Оның сөзінше лауазымды тұлғалар бүгінде "Астана ЛРТ" ЖШС қарамағында жұмыс істемейді.