Маусым-шілде айлары аралығында қала күнін мерекелеуге Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты 12 мекемесінің күшімен 100-ден астам іс-шара жоспарланып, жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласының коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, Астана қаласы Мәдениет басқармасының Мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева «Қала күнін мерекелеу аясындағы баспасөз конференциясын» өткізді.
Астана күнін мерекелеуді Мәдениет басқармасы 10 маусым күні «Астана Опера» театрында композитор Төлеген Мұхамеджановтың мерейтойына арналған «Құс жолы» атты шығармашылық кешінен басталды. 18 маусым Орталық саябақтағы амфитеатрда «ESIL MUSIC TIME» ашық аспан астындағы фестиваль өтті. 22 маусым «Барыс-Арена» кешенінде «Елорда мақтанышы» атты Қазақстандағы ең ауқымды тұңғыш түлектер кеші өтіп шараға 9500 түлек қатысты. 24 маусым Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Filarmonia Fest» фестивалі өтті. 25-29 маусым күндері «Құралай» халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтуде. Фестивальдің мақсаты- елордамыздың кішкентай көрермендеріне естен кетпес эмоция сыйлау. Биылғы фестивальге Туркия, Сербия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Эстония, Перу, Қазақстан елдерінен 13 театр қатысты. Фестивальдің бір ерекшелігі қазылар алқасы балалар қауымынан жинақталып, солардың шешімінен анықталатынын атап өткім келеді. Бүгін фестиваль мәресіне жетті.
1 шілде Амфитеатрда «Аялаған Астана» өнерлі жас әншілерді тәрбиелеуге арналған музыкалық байқаудың гала-концерті өтеді. Бұл жоба Қазақстанға көптеген жұлдыздарды, олардың ішінде Болат Батырбаев, Мұхамедали Жүгінісов, Данелия Төлешова, Жанель Сәдуақас және басқа жұлдыздарды танытты. Биылғы жылы үздік атанған қатысушы «Детская Новая Волна» атты халықаралық байқауында Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
2 шілде Домбыра күніне орай ЭКСПО алаңында көпшілікке «Домбыра дастан» шоу-концерті ұсынылады. Концертте қазақ халық музыкасынан бастап заманауи форматтағы шығармалар орындалып, «Hassak», «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамбльдері, бишілер мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. 2 және 3 шілдеде «Қаламгерлер» аллеясы мен № 5 балалар кітапханасында Қазақстан жазушылар одағымен бірге «Астана – шабыт арқауы» ақын-жазушылармен кездесулер циклі өтеді.
3 шілде Бейбітшілік және келісім сарайында «Алтын мұра» Қазақстанның ең үздік дәстүрлі әнші, күйші, жыршыларының мерекелік концерті өтеді. Шараға Сыр өңірі, Жетісу, Шығыс, Батыс және Арқа өңірлерінің мектептері қатысады.
4 шілде «Астана» концерт залында «Әзіл әлемі» музыкалық әзіл-ысқақ кеші өтеді. Концерттік бағдарламада өз шығармашылығын Астана қаласынан бастаған эстрада жұлдыздары қатысады.
4 шілде «Жастар» сарайында Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «НАЗ» мемлекеттік би театрының «ҚАЗАҚ ЖӘДІГЕРЛЕРІ» концерттік бағдарламасы ұсынылады. Шарада театрдың үздік би қойылымдары көрсетіледі.
5 шілде Амфитеатрда халық арасында танымал әртүрлі аспапта орындаушылардың «Елорда әуені» шоу-концерті өтеді. Кеште орындаушылар Астананың 25 аккордын ойнайды. Шарада «NE PROSTO ORCHESTRA», Ratovich, Бағжан Октябрь, Илья Башкатов, Ерлан Байбазаров, Royal Beats, Golden Trombones және симфониялық оркестр өнер көрсетеді.
5-6 шілде ЭКСПО алаңында балалар мен ересектерге арналған «Гүл Астана» ЭКО фестивалі өтеді. Онда фотокөрмелер, шеберлік сабақтары, стилистер, дизайнерлер, боди-арт, инсталляциялар, фотоаймақтар, арт-нысандар, жанды суреттер, музыка, флористика ғажайыптары ұсынылады.
5-6 шілде «Гүл шахары - Астана» Республикалық суретшілер плэнері жоспарланған. Онлайн конкурс арқылы 80 жұмыс жиналып, конкурс қорытынды бойынша экспо алаңына 15 үздік жұмыс көрмесі қойылатын болады.
6 шілде қаланың шет аймағында тұрғын үй алаптарында қала тұрғындары мен қонақтарына «Думанды Астана» концерттері өтеді. Концертте Қазақстанның эстрада жұлдыздары және Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің әртістері өнер көрсетеді.
6 шілде ЭКСПО алаңында OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерт өтеді. Шарада отандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Аука, Дос, Akha, Мирас Жүгінісов, Қазбек Құрайш,Еркеш Хасен, Qanay, Raim өнер көрсетеді. Сонымен қатар, көрерменді құпия жұлдыз күтеді.
6-8 шілде Орталық саябақта отбасылық демалысқа арналған MEREKE STREET фестивалі өтеді. Онда ашық аспан астындағы кинотеатр, кішкентай көрермендерге арналған театр қойылымдары, роботтар шоуы, сурет салу байқаулары ұйымдастырылады және эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Астаналық циркте «FRANKE» жұлдызды цирк бағдарламасы өтеді. Онда әлемнің үздік цирк әртістері, цирк өнерінің халықаралық фестивалінің лауреаттары өнер көрсетеді.
7 шілде «KITAP FEST» республикалық кітап көрмесі. 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келе жатқан мәдени-бұқаралық іс-шара ретінде танылған көрмеде кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
8-9 шілде көше тағамдарының фестивалі. Көше тағамдарының фествивалі Орталық саябақта, амфитеатр аумағында өтеді. Онда елордамыздың 25 жылдығына орай әртүрлі елден 25 түрлі тағам дайындалады. Сондай-ақ бауырсақ пісіруден рекорд орнатылады.
Астана күні қарсаңында Мәдениет басқармасына қарасты 6 театрда көрермендерге қойылымдар ұсынылады.
30 маусым «Жастар» театрында «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым.» мюзиклі.
1-2 шілде Музыкалық жас көрермен театрының халықтың ыстық ықыласына бөленген «Гауһартас» музыкалық драмасы өтеді.
5,6,8 шілде Музыкалық жас көрермен театрын арнайы Астана қаласының 25 жылдығына «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзикл премьерасын ұсынады. Бұл премьера Астана қаласы күніне арнайы қойылады және қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығады деген ойдамыз.
5-6 шілде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Болмаған балалық шақ» драмасы ұсынылады. Бұл қойылымда алдын аншлагпен өткен болатын сондықтан, мереке күндері қарсаңында қоюды жөн көрдік.
Биыл Астанада елорданың 25 жылдығына орай 50-ге жуық бұқаралық спорттық іс-шара өтеді.
«Қазақстан Барысы» турнирі 2 шілде күні Барыс Арена спорт сарайында сағат 12.00-де басталады. Турнирге еліміздің әр өңірінен 41 спортшы қатысады. Олардың қатарында Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай, Мақсат Исағабылов және т. Б. белгілі балуандар қатысады деп күтілуде. Айтулы аламан доданың билеттері zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады. 27 маусым күні ерлер мен әйелдер арасында бокстан ІІ Халықаралық «Елорда Кубогы» турнирі басталған болатын. Барлығы 10 елден 200-ден астам спортшы жарыс медальдарына 2 шілде күніне дейін таласады. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және басқа мемлекеттердің өкілдері бар. Қазақстан құрамасы сапында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, әлем, Азия және басқа да халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері қатысады.
2 шілде Триатлон саябағында BI GROUP IRONMAN 70.3 ASTANA ірі халықаралық жарысында триатлон әуесқойлары қайта бас қосатын болады. Әрбір жарыс үзіліссіз өтетін үш кезеңнен тұрады: 3,86 км-ге жүзу, велосипедпен 180,25 км жүріп өту және 42,195 км-ге марафондық жүгіру. Ironman 70.3 сериясының жарыстары екі есе қысқартылған қашықтықта жарысты қарастырады: 1,9 км жүзу, велосипедтік бәйге 90 км, 21,1 км жүгіру. Стартқа әлемнің 77 елінен 2 200 триатлет қатысады деп күтілуде. Бұл екі жылдық үзілістен кейінгі Қазақстандағы екінші бәйге. Сондай-ақ қала күніне орай дәстүр бойынша Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының ұйымдастыруымен елорданың 25 жылдығына орай бәйге түрлерінен республикалық турнир өтеді. Еңселі елорда төсін дүбірге толтыруға еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан тұяғымен жер тарпынған 100-ге тарта таңдаулы жүйріктер «Қазанат» атшабарында бақ сынайды. Ауыздығымен алысқан адуынды сәйгүліктер жеті шақырымдық «құнан» бәйге мен «жорға» жарысы, 15 шақырымдық «топ» бәйге және 22 шақырымдық «аламан» бәйге бойынша сынға түседі. Көпшілік көз тіккен жүйріктер сайысының жалпы жүлде қоры – 30 млн теңге. Ұлы даланы ат дүбірімен шулататын бәйгеде барлығыңызды жанкүйер болуға шақырамыз! Дода 6 шілде күні сағат 10:00-де басталады. Кіру тегін.
6 шілде Елорданың 25 жылдығына орай қалалық «Толағай» алыптар сайысы ашық турнирі өтеді! Ұлы Даланың батырларын насихаттауда, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өтетін турнирге білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай 18 жастан асқан қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Турнирдің өтетін жері орталық саябақтың автотұрағы. Шараның ашылу салтанаты 6 шілде күні сағат 16:00. Жарыстың жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайды.
Сондай-ақ бұдан да өзге көптеген ірілі-ұсақты шара өткізіледі деп күтілуде. Олардың қатарында 9 шілде күні Амфитеатр алдында «Қажымұқан жолы» мәдени-спорттық жобасы, 9 және19 шілде күндері «Astana Zhuldyzdary» халықаралық шахмат турнирі, елорда күніне арналған балалар, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасындағы Шинкиокушинкай каратэден «Астана кубогы» республикалық турнирін өткізу жоспарлануда.