Астанада көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби кеш өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеш барысында кітапхананың жас оқырмандары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Кітапхана оқырманы Айгүл Бекужанова Абайдың 15-ші қара сөзін Брайль қарпінде оқыды. Шадуркулова Сағымгүл «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар "Абай әлемі" атты кітап көрмесі ұсынылып, библиографиялық шолу жасалды.
Бұл – қазақ руханияты мен мәдениетінің мерекесі. Абай мұрасын дәріптеу, оны ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Іс-шара "Ауыл" партиясы Астана қалалық филиалының Мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Кеш соңында белсенді оқырмандарға естелік сыйлықтар табысталды.