Марафонға 2000-ға жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласының әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 11 жылдан бері дәстүрге айналған Астана жартылай марафоны өтті. Бұл туралы Elorda.info жазды.
EXPO халықаралық көрмесінен бастауын алған жартылай марафонға 2000-ға жуық спортшы қатысты. Жарысқа қатысушылар тек Астанадан ғана емес, сонымен қатар Ұлыбритания, Нидерланды, АҚШ, Польша, Ресей, Украина мен еліміздің 30 шақты қаласынан бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатын Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев ашты.
Astana half 2023 жартылай марафоны – қыс мезгілінен кейін жаппай жүгіруде өзіңізді сынаудың алғашқы мүмкіндіктерінің бірі. Желаяқтарға 21,1 км және 5 км қашықтық ұсынылады. Бұл жаңадан бастаушылар үшін тамаша бастама, ал тәжірибелі спортшылар үшін – биыл 3 қыркүйекте өтетін Astana Marathon 2023-те 42,2 км марафондық жарысқа дайындық. Қаламызда марафонға қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып келе жатыр. Бүгінгі жарыс – бұқаралық спортты дамытудағы үлкен қадам, - деді ол.
Астана жартылай марафоны таңғы 7:00-де 21,1 шақырым қашықтыққа жүгірумен басталды.
7:10-да 5 шақырым қашықтыққа жүгіретіндер жарысты бастады. Нәтижесінде ерлер арасындағы бәсекеде Алматыдан келген Алексей Гусарев 15 минут 4 секундпен жеңімпаз атанды.
Ал қыздар бәсекесінде 19 жастағы Астана спортшысы Ева Пинчук — 17 минут 50 секундпен топ жарды. Жеңімпаздар 45 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.