Астана экономикалық форумында инвестициялар тартудың жаңа архитектурасы таныстырылады

22 Сәуір 2019, 10:15
2487
Бөлісу:
Астана экономикалық форумында инвестициялар тартудың жаңа архитектурасы таныстырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов инвестициялар тарту бойынша құрылатын жаңа архитектура қысқа мерзімде іске асырылатынын айтты. 

Жақын арада барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп, қабылданады. Kazakh Invest Астана халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне сенімгерлік басқаруға беріледі. 16 мамырда өтетін Астана экономикалық форумында жаңа архитектура тұжырымдамасы таныстырылады. Инвестиция тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы осы жылдың мамыр айында өтеді.

«Қабылданып отырған шаралар инвесторлар үшін инвестициялық субсидиялар пакеттерін топтастыруға және жедел қалыптастыруға, тікелей инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі кешенді жұмысты бастауға мүмкіндік береді. Үкіметтің келесі отырыстарының біріне жаңа тәсілдерді іске асыру үшін барлық қажетті шаралардың толық тізбесімен Жол картасы шығарылатын болады. Жаңа архитектура шеңберінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өзара іс-қимылдар регламенті әзірленеді және Үйлестіру кеңесінің отырысына шығарылатын болады», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары.

Ол инвестициялар ағынының қарқынын арттыру - ЖІӨ 5%-ы деңгейінде сапалы өсуін қамтамасыз ету және мемлекеттің стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті фактор екенін айтты.

Осыған дейін, Қаржы министрі Әлихан Смайылов Астана халықаралық қаржы орталығы Өңірлік инвестициялық хабқа айналатынын мәлімдеген. Сондай-ақ Смайылов инвестиция тарту саласындағы олқылықтарды атады.
Өзгелердің жаңалығы