"Астана – Достық" пойызында Starlink спутниктік интернеті іске қосылды

«Астана – Семей – Достық» бағытындағы пойызда Starlink спутниктік интернеті қосылды. Жолаушыларға қандай мүмкіндіктер ұсынылады?

Бүгiн 2026, 09:36
АВТОР
 ҚР Көлік министрлігі Бүгiн 2026, 09:36
Бүгiн 2026, 09:36
204
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Енді жолаушылар теміржолдың ең шалғай учаскелерінде де интернетке қосыла алады. №121/122 «Астана – Семей – Достық» бағытындағы пойызда жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернеті іске қосылды.

Жоба Көлік министрлігінің цифрлық сервистерді дамыту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру бағытындағы жұмысы аясында жүзеге асырылды.

Спутниктік интернеттің басты артықшылығы – ұялы байланыс операторларының желісі қамтымайтын аумақтарда да тұрақты интернет байланысын қамтамасыз етуі. Соның арқасында жолаушылар маршруттың басым бөлігінде үздіксіз байланыста бола алады.

Интернетке қосылу үшін пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өту жеткілікті.

Жолаушыларға екі тариф ұсынылады. Біріншісі – тегін, ол арқылы WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде хат алмасуға болады. Екіншісі – ақылы пакет, оған толыққанды интернетке қол жеткізу, әлеуметтік желілерді, бейнесервистерді және жұмысқа арналған қосымшаларды пайдалану кіреді.

Қызмет ақысын Kaspi, Halyk, Apple Pay, Google Pay, сондай-ақ Visa және Mastercard банк карталары арқылы төлеуге болады.

Министрліктің мәліметінше, Starlink жүйесінің енгізілуі Қазақстандағы теміржол тасымалын жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Жаңа қызмет туристердің де, жолда жұмыс істейтін немесе білім алатын жолаушылардың да сапарын анағұрлым жайлы етеді деп күтілуде.

Ведомство теміржол көлігіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы пойыздарға интернет жаздың соңына дейін орнатылатыны туралы хабарланған болатын. 

Наверх