Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Қазақстан премьер-лигасының 9-туры артта қалды. Бұл жолы «Астана» мен «Қайрат» секілді қазақ футболының көшбасшылары да ұпай жоғалтты.
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Шахтер» (Қарағанды) – 2:2.
Голдар: Зорич – 59 (1:0), Зенев – 73 (1:1), Алмейда – 78 (2:1), сондай-ақ Зенев – 85 (2:2).
Пенальти соға алмады: Пешич – 9 (қақпашы қайтарды).
Көкшетаудағы кездесу тартысты өтті. Матчта 4 гол соғылды. «Оқжетпес» қақпашысы пенальтиді қайтарды. «Оқжетпес» екі рет алғанымен, «Шахтердің» үзілістен кейін ойынға араласқан эстониялық легионері Сергей Зенев ерледі. Ол бұл ойында дубль жасап, командасын жеңілістен құтқарып қалды.
«Жетісу» (Талдықорған) – «Тараз» (Тараз) – 1:0. Гол: Алтынбеков – 54 (1:0).
«Тараз» 1 мамырда өз алаңында «Оқжетпестен» 2:6 есебімен ұтылып, масқара болған. Қақпашысы Самат Отарбаев осы маусымдағы екінші автоголын соғып, ұятқа қалып еді. Осыдан кейін Вахид Масудов қорғанысты сәл де болсын түзегендей. Бірақ бұған дейін «Ертіс» қақпасына дубль жасаған Елжас Алтынбеков алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Ұлттық құраманың бас бапкері Михал Билек бұл ойыншыны алдағы уақытта ескере жүреді деп үміттенеміз.
Дмитрий Огайдың командасы турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Өткендегі федерацияға айтылған қатты-қатты сөздерінен кейін командасын қысып жібермесе, биыл жүлдеге де ілігіп қалуы мүмкін.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Атырау» (Атырау) – 1:1. Голдар: Фонтанелло – 54 (1:0). Воменко – 71 (1:1).
Шынын айту керек, Шымкенттің «Ордабасы» командасы ойыны өз деңгейіне сай болмай шықты. Спорт журналисі Амангелді Сейітхан да «Ордабасы» мен «Тобыл» командаларын сынға алып, «Екі команданың жеңіске деген жігерлері жоқ» екенін жазыпты.
Бұл матчта біз «Ордабасы» ойыншыларынан ешқандай креатив, мотивацияны көре алмадық. Әйтеуір, қорғаушы Фонтанелло бір гол соқты. Оған Воменко жауап қатты. Сөйтіп, «Атыраумен» тең түсті.
Егер «Ордабасы» осылай ала-құла ойнап жүре берсе, жақын арада бас бапкері қызметінен кетуі де ғажап емес. Саян Хамитжановтың сүйікті бапкері Станимир Стойлов Шымкентке келіп қалуы мүмкін.
«Қайрат» (Алматы) – «Тобол» (Қостанай) – 0:1. Гол: Тұрысбек – 87 (0:1).
Осы турдың орталық ойыны Алматыда өтті. «Қайрат» өз алаңында Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады.
Өткен апта «Қайрат» үшін сәтті бола қойған жоқ. 8-турда Қызылордада «Қайсардан» жеңілген, бұл жолы Орталық стадионда Газзаевтың шәкірттеріне есе жіберді.
Беларусь маманы Алексей Шпилевский экспримент жасап, тәуекелге барған жоқ. Алаңға тәжірибелі ойыншыларды шығарды. Бірақ соның өзінде қарсыласқа үш ұпайды ұстатып қойды. «Тобыл» сапынан жеңіс голын Алматы футболының түлегі, кезінде осы «Қайратта» ойнаған Бауыржан Тұрысбек соқты.
Алматылықтар биыл тағы чемпиондықты тойлай алмайтын тәрізді...
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:3 (1:3). Голдар: Марочкин – 5 (0:1), Тағыберген – 41 (0:2), Айымбетов – 43 (1:2), Барсегян – 44 (1:3).
Әрине, қазір «Ақтөбенің» жағдайы мәз емес. Жаңа ойыншы тіркеуге рұқсат жоқ. Жарақатынан енді айыққан Маркос Пиззел әлі бабына келмеді. Жас футболшылар премьер-лига клубтарына қарсы тұруға әзірге қауқарлы емес. Сонда да алаңға шығып, әр ойында тырысып жүр.
Бұл жолы өз алаңында «Қайсарды» қабылдады. Марочкин бұрыштама добынан кейін жылдам гол соқса, үзіліске дейін Тағыберген есепті еселеді. Бұл екеуі бұған дейін «Қайрат» қақпасынан саңылау тапқан. Одан кейін Абат Айымбетов алаң иелерінің үмітін оятқандай болған. Бірақ допты ортадан қосқан «Қайсар» футболшылар үшінші голды да жылдам тоғытып үлгерді. Ал екінші таймда таблода өзгеріс болмады.
«Астана» (Нұр-Сұлтан) – «Ертіс» (Павлодар) – 0:1. Гол: Каньяс – 78 (0:1).
«Ертіс» ойыншылары Димитар Димитров кеткен соң, бірден премьер-лиганың көшбасшысын Нұр-Сұлтан жеңгені сенсация болды.
«Астана» Роман Григорчук тізгінді ұстағалы премьер-лигада ұтылып көрмеген. Сол серияны «Ертіс» бұзды. Жеңіс голын Рохер Каньяс соқты. Спорттық карьерасындағы ең үздік жылдарын осы команда сапында өткізген колумбиялық ойыншы гол соққаннан кейін тойлаған жоқ. Бұл енді бұрынғы командасына деген құрметі болар.