Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке "Қоғамдық көлік проблемалары бар. Қазір іргелес елді мекендерден адамдар ары-бері көп жүреді. Жоспарда жергілікті халықтың белсенді өсімі ескерілді ме?" деп сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, Астана қаласының маңына қызмет көрсететін маршруттық желі мен қоғамдық көлік саны үнемі артып келеді.
Осы жылдың қаңтар айында қабылданған жаңа бас жоспарды әзірлеу кезінде елордада халық санының өсуімен қатар, агломерацияға тиісті елді мекендердің тұрғындарының көбеюі де ескерілді. Жыл сайын елорда халқы 50-60 мың адамға көбейеді. Сонымен қатар күн сайын қалаға облыстың 200 мыңға жуық тұрғыны және 30 мыңнан астам автомобиль кіреді, - дейді Қасымбек.
Әкім қазіргі таңда елорданың қала маңындағы аймақтарына 26 маршрут қызмет көрсететінін айтады.
Өткен жылы қалада қосымша 400 автобус жұмыс істей бастады. Жалпы, былтыр күн сайын қалаға 900 автобус шықса, қазір 1 300 автобус шығады. Биыл тағы 300 автобусқа толықтырылады деп күтілуде. 15-20 жаңа маршрут ашылады. Оның 25 пайызы — агломерацияға баратын көлік дәліздері. Бұл бізге қала маңындағы маршруттардың санын көбейтіп, елді мекендер ішіндегі маршруттарды ұзартуға және агломерация тұрғындарының жүріс-тұрысын тездетуге етуге мүмкіндік береді, - деді Елорда әкімі.