- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Astana AI Film Festival алғашқы халықаралық AI-кино байқауының жеңімпаздарын жариялады
Astana AI Film Festival алғашқы халықаралық AI-кино байқауының жеңімпаздарын жариялады
Astana AI Film Festival-ге әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Ресми комиссия іріктеген 25 жұмыс финалдық бағдарламаға енді.
4 Қазан 2026, 08:44
Астанада жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдердің әлемдегі ең ірі фестивалі – Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) аяқталды. 3 қазанда марапаттау рәсімі аясында әлемнің түкпір-түкпірінен авторлар мен режиссерлерді біріктірген халықаралық байқаудың жеңімпаздары жарияланды.
Фестиваль 1-3 қазан аралығында жасанды интеллектке арналған бірқатар іс-шараларды біріктірген AI Month айлығы аясында өтті. AAIFF 2026 бағдарламасына байқау көрсетілімдері, іскерлік бағдарлама және авторлар мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар кірді.
Astana AI Film Festival-ге әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Ресми комиссия іріктеген 25 жұмыс финалдық бағдарламаға енді.
Финалистерді халықаралық қазылар алқасы бағалады. Оның құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры және Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group Жасанды интеллектті зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер және инвестор Баладжи Сринивасан, сондай-ақ BytePlus компаниясының Таяу Шығыс, Африка, Үндістан, Түркия және ТМД елдері бойынша бас менеджері Ли Лонг кірді.
Бүгінгі AI-киноның ең қызықты тұсы – технологияның өзі емес, авторлардың оның көмегімен не жасай бастағаны. Фестиваль аясында ерекше визуалды шешімдерден бастап, оқиға баяндаудың жаңа тәсілдеріне дейінгі өте мықты әрі бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды көрдік. Әртүрлі елдерден келген режиссерлер мен авторлардың AI платформаларын өз идеяларын жүзеге асырудың жаңа құралы ретінде қалай пайдаланатынын бақылау ерекше қызықты. Бұл шын мәнінде халықаралық жоба болды. Жұмыстардың ауқымы мен сапасына қарап, AI-кино әлемдік киноиндустрияның дербес бағытына айналып келе жатқанын көріп отырмыз, – деді фестивальдің тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзат Құсайынов.
Халықаралық қазылар алқасының бағалауы бойынша арнайы бес номинацияда және негізгі The Future Worth Living In тақырыптық байқауында жеңімпаздар анықталды.
Арнайы номинациялар бойынша:
- Myrzakhan Zhumakhan – «IT WAS JUST A JOKE» (комедия, Қазақстан), Best Character;
- 2xLabs – «The Last Span» (фэнтези, Қытай), Best Story;
- Jacopo Zanetti – «What's the Job?» (сюрреализм, Италия), Best Visual;
- Jacopo Reale – «The Fracture» (триллер, Италия), Best Direction;
- Zachary London – «Pomegranate» (ғылыми фантастика, шытырман оқиға, АҚШ), Best Concept.
Бұл номинациялардың финалистері қатарында Қазақстан, Оңтүстік Корея, Сенегал, Канада, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Аргентина және басқа елдердің авторлары болды.
Best Character номинациясының жеңімпазы Мырзахан Жұмахан өзінің фильмі туралы айтып берді.
Менің жанрым – комедия. Фильм қарапайым әзілдің кесірінен ит пен оның иесінің ағасы төбелесіп, ақырында бұл нағыз соғысқа айналатыны туралы. Мен күрделі немесе тапқыр мағына беруді мақсат етпедім — бұл жай ғана жеңіл оқиға. Белгілі бір деңгейде ол мені де сипаттайды: мен пранк пен көңіл көтеруді жақсы көремін. Шынымды айтсам, бәсекелестіктен қатты уайымдадым, өйткені мұнда талантты әрі мықты авторлар өте көп. Барлық қатысушы өз фильміне көп еңбек сіңіріп, көп уақыт жұмсады. Сондықтан, менің ойымша, олардың әрқайсысы лайықты қарсылас болды, – деді Мырзахан Жұмахан.
Ал The Future Worth Living In негізгі тақырыптық бағдарламасына 10 финалдық жұмыс енді: The First Honest Day – Nikolay Shestak, REVIVER – Dor Brothers, Looking For Perseida – Ernest Desumbila, The Choice – Tarek Abdelhakim, SITARA – Abhik Banerjee, WTF – Richard Kassai, Project "A" – Anna Frolova, Everything Soft – Jamin Tasker, Saint Vitus Kiss – John Kirk Kelly және Aya's Best Day – Madi Zhagi.
Негізгі байқау қорытындысы бойынша үшінші орын және $100 мың жүлдені Испания өкілі Ernest Desumbila «Looking For Perseida» фильмі үшін алды. Екінші орын және $200 мың Үндістан өкілі Abhik Banerjee-ге «SITARA» фильмі үшін берілді.
Ал Гран-при және $450 мың Латвиядан келген Nikolay Shestak-қа «The First Honest Day» фильмі үшін табысталды.
Astana AI Film Festival 2026 Гран-при иегері Николай Шестак жеңісі туралы өз әсерімен бөлісті.
Шамамен төрт жыл бұрын режиссурамен айналыса бастадым, ал екі жыл бұрын AI көмегімен фильмдер жасай бастадым. Шынымды айтсам, жеңіске жетемін деп күтпедім — мұнда керемет жұмыстар мен түрлі жанрлар өте көп болды. Қазылар алқасының не себепті дәл менің фильмімді таңдағаны өзіме де қызық. The First Honest Day фильмі біздің әрекеттеріміздің өзімізді анықтайтыны туралы. Егер адам жаман әрекет жасаса, ол ұсқынсыз болады, ал жақсы істер, керісінше, оны жақсартады. Мен фильмдеріме жеке ойларым мен идеяларымды енгізуге тырысамын. Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Алған жүлдемді жаңа фильмдер жасауға және жобаларымды дамытуға инвестициялағым келеді, – деді Astana AI Film Festival жеңімпазы.
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF басқарма төрағасы Алмас Жали алғашқы Astana AI Film Festival жасанды интеллект көмегімен жасалған киноға деген халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсеткенін атап өтті.
Мұндай халықаралық фестивальдің дәл Қазақстанда өтіп жатқаны ерекше маңызды. Біз Астананың әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері кездесетін алаңдардың біріне айналғанын қалаймыз. Алғашқы фестиваль бізге жақсы серпін берді. Енді жобаны одан әрі дамытып, халықаралық қатысушылар қауымдастығын кеңейтіп, кино мен жасанды интеллект тоғысында жұмыс істейтін авторларға жаңа мүмкіндіктер жасау – біздің міндетіміз, – деді Алмас Жали.
Astana AI Film Festival-дің жалпы жүлде қоры $2 млн болды. Оның $1 миллионы Freedom Holding Corp. жанындағы Freedom Шапағат корпоративтік қоры тарапынан беріліп, жеңімпаздар арасында жүлде ретінде бөлінді.
Тағы $1 млн перспективалы AI-командаларға инвестициялық капитал ретінде қарастырылған. Қаражат Қазақстандағы өндіріс пен AI экожүйесін дамытуға бағытталады.
Astana AI Film Festival-дің бас серіктесі – Freedom Holding Corp., технологиялық серіктесі – The Network School, серіктесі – Kino.kz.
2 және 3 қазанда финалистердің жұмыстары MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетілді.
Алғашқы Astana AI Film Festival халықаралық кәсіби қауымдастықты AI-киноны дамыту және авторлар мен креативті командалар үшін жаңа мүмкіндіктер төңірегінде біріктірді. Фестиваль киноның болашағын, шығармашылық үдерісте жасанды интеллектті қолдануды және жаңа AI-креативті индустрияны дамыту мәселелерін талқылайтын алаңға айналды.
Ең оқылған:
- АҚШ пен Украина алғашқы маңызды келісімге қол қойды
- AI & Digital Bridge 2026: Қазақстанда жасанды интеллект жобаларының үздіктері анықталды
- Ақтауда 1,5 жастағы баланы қағып кеткен экс-полицей сотталды
- «Есікті ашуым керек болды»: Flydubai капитаны борттағы шабуыл туралы айтты
- Трамп қылмыскерлердің кейбір санаттарына өлім жазасын енгізуді ұсынды