Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина аталған комиссияның бүгінгі отырысында айтты.
С.Мұстафина сайлау заңнамасына сәйкес мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік беретінін айтты. Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Ортсайлаукомның 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/202 «Бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін кандидаттарға қаражат бөлу қағидалары мен көлемін бекіту туралы» қаулысына сәйкес БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін үміткерге қаражат бөлу көзделген: теледидарда - 15 минут; радиода-10 минут; мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялау үшін - 0,1 баспа парағынан артық емес, - деді ол.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге; үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары; Орталық сайлау комиссиясы белгілейтін мөлшерлерде көлік шығыстары өтеледі.
Ортсайлауком мүшелері «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын, 2021 жылғы 11 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауда Республикалық бюджет қаражатынан өтелетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың шығыстар мөлшерін белгілеу туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда кандидаттың 870 000 теңге (сегіз жүз жетпіс мың) көлемінде, оның ішінде: теледидар мен радиода бағдарламалармен сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялауға - 590 000 теңге сомасында; сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға - 130 000 теңге сомасында; көлік шығыстарына - 150 000 теңге сомасында шығыстар белгіленген, - дейді Сабила Мұстафина.
Айта кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясының шешімімен Парламент Мәжілісінің депутаттығына 9 кандидат ұсынылған.