Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Ассамблея атынан депутаттарды сайлауға қатысты өзгеріс болатыны айтылды.
Бұрын Мәжіліске 9 депутат сайлайтын, олар 5-ге қысқарды және Сенатта 5 депутат болады. «Өз басым Ассамблеядан депутат етіп сайлағанды жөн көрмеймін» дейді қоғам қайраткері Асылы Осман тілдесу барысында.
Оның пікірінше, Ассамблея атынан депутаттыққа сайлау дұрыс емес, өйткені олардың барлығы Қазақстан азаматы.
Ассамблея атынан түскен депутаттар кімнің мүддесін қорғайды? Меніңше оның қажеті жоқ, барлығымыз осы елдің азаматымыз, оны бөліп қараудың жөні жоқ. Екіншіден Ассамблеяда «Жастар қанаты» дегенді ашып қойды. Оларды не үшін қазақ жастарынан бөлуіміз керек? Керісінше Қазақстан жастары болу керек. Өйтіп жастарды бөлуге болмайды. Ассамблеяның құрылуы дұрыс шығар, бірақ жұмыс істеу жүйесі орынсыз, - дейді Асылы Осман.
Қоғам қайраткері сондай-ақ 30 жыл бойы ел халқын қазақ төңірегіне топтастыру ісі дұрыс жүргізілмей жатыр деген өкінішін айтты.
Біз қазір бір мүддеге ұйысып жатқан жоқпыз. Бөлінбей араласуымыз қажет. Азаматтық қоғам дегенге ерекше мән беріп, әрдайым бірлікте болуымыз керек.