Ассамблея 16 млн теңгенің көлемінде көмек көрсетті

30 Сәуір 2020, 11:00
2449
Бөлісу:
Ассамблея 16 млн теңгенің көлемінде көмек көрсетті
PHOTO
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел аумағында жарияланған төтенше жағдай режиміне байланысты Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен қоғамдық бірлестіктері, өзге этнос өкілдерінің меценаттары, жастары азаматтық белсенділік танытып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуде.

Бұл туралы Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева айтып берді. Ол этномәдени бірлестіктері қала, аудан бойынша әлеуметтік жағдайлары төмен 9 мыңға жуық отбасыға 13 миллион теңгеге жуық қаражат бөлгенін жеткізді. Аталған қайырымдылық шарасына өңірде тіркелген 19 этномәдени бірлестік өкілдері ұйымшылдықпен атсалысқан.

Атап айтқанда, биылғы сәуір айының басынан осы уақытқа дейінгі аралықта республикалық "Біз біргеміз" қайырымдылық акциясы аясында Жамбыл облыстық "Вынхуа" дүнгендер қауымдастығының мәдени орталығы 10 млн теңгеге мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылының 30 отбасына азық-түлік себеттерін, 2 мыңға жуық медициналық маска таратты. Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе ауылдарындағы балабақша тәрбиеленушілеріне қолдан жасалған 850 дана бетперде үлестіріліп, 600 мың теңге көлеміндегі қаржыға 90 отбасы азық-түлікпен және антисептикалық заттармен қамтылды, - деді Маржан Төреғұлқызы.
аха.jpg

Бұған қоса, аталған бірлестіктің мүшесі Руслан Исмазов пен Алматы қаласындағы дүнген этносының бірқатар кәсіпкерлері елде жарияланған төтенше жағдай барысында 4,5 млн теңгеге 3 тонна азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек жіберген. Сонымен қатар, Жамбыл ауданындағы дүнген этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Алматы қаласына 5 млн теңгеге 7 тонна азық-түлік жөнелткен. Ал Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі Тараз қаласындағы 5-мөлтек ауданда орналасқан 25-жатақахананың мүгедек санатындағы тұрғындары мен аз қамтылған көпбалалы 80 отбасына барлығы 1 млн теңге көлемінде азық-түлік себеттерімен қайырымдылық жасапты.

аха1.jpg

Жергілікті Ассамблеяның басшысы республикалық "Біз біргеміз" акциясы аясында Тараз қаласы маңында орналасқан Жамбыл ауданына қарасты Гродиково ауылында орналасқан блок-постта кезекшілікте тұрған 20-дан астам медицина саласы және ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне арнап "Ни-Хо" дәмханасында түскі ас дастарханы жайылғанын тілге тиек етті. Олар төтенше жағдай аяқталғанға дейін күн сайын кезекшілікте тұратын 10-15 қызметкерге түскі ас беруді тоқтатпаймыз деген. Сонымен бірге, ақпан айының басында жаппай төбелес орын алған Жамбыл облысындағы Масаншы, Бұлан батыр, Аухатты аулдарының 72 тұрғынына 220 мың теңгеге қосымша көмек көрсетіліпті. Жалпы, күні бүгінге дейін дүнген бірлестіктері барлығы 7 млн 770 мың теңгеге қайырымдылық шараларын ұйымдастырған.

аха2.jpg

Аймақтағы "Шиват Цион" еврейлер мәдениет орталығы қоғамдық бірлестігі 500 қорғаныш бетпердесін, 350 антисептик бұйымын, дезинфекциялау құралдарын және жеке гигиеналық заттарын, 5 аз қамтылған отбасыға 75 000 теңгеден азық-түлік себеттерін сыйлады. Бұл ұйым барлығы 1 млн 65 мың теңге тұратын көмектерін тұрмысы төмен 250 жергілікті отбасыға көрсетті. "Әулиеата" қазақ мәдени орталығы да осы бағыттағы шаралардан қалыс қалып жатқан жоқ. Қоғамдық бірлестік әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларға 30 дана маска, 15 дана антисептикалық заттар және азық-түліктермен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, 30 аз қамтылған отбасыға барлығы 35 000 теңге көлемінде қайырымдылық жасады, - деп атап өтті Маржан Қожаева.
аха4.jpg

"Ахыска" түрік этномәдени орталығы" қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы 100 000 теңгеге 15 отбасын антисептикалық заттармен және 10 отбасын 100 000 теңгелік азық-түлік пакеттерімен қамтамасыз еткен. Өңірдегі меценаттар – Жалил Абосов, Руслан Акинов және Микаил Ридвановтар 80 шаңыраққа 600 000 теңге көлемінде жәрдем берсе, меценат Наби Ағалиевтің өзі 100 отбасына 800 000 теңге көлемінде көмек көрсетіпті. Яғни түрік этномәдени орталығы барлығы – 1,5 млн теңге көлемінде қаражатын қайырымдылыққа жұмсаған.

аха5.jpg

Маржан Қожаеваның сөзіне қарағанда, "Самшобло" грузин этномәдени бірлестігі 100 және 50 антисептикалық бұйымдарды таратса, "Вайнах" Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығы аз қамтылған отбастарға азық-түлік және антисептиктермен бірге, 50 000 теңге көлемінде көмек көрсеткен. Өңірдегі гректер қоғамдық бірлестігі де Тараз қаласындағы 10 отбасына барлығы 300 000 теңгедей қаржылай жәрдем ұсынған. Тәжіктер қоғамы 55 мың теңгемен 3 жағдайы төмен отбасын қуантса, "Туран" әзербайжан этномәдени бірлестігі 25 мың теңгемен жағдайы төмен бір үйге қарайласыпты. Осындай қайырымдылық шараларынан "Низами" әзербайжан этномәдени бірлестігі, "Барбанг" күрділер қоғамдық бірлестігі, Қордай аудандық "Отечество" ұлттық славян орталығы, "Радонеж" орыстар қоғамы, "Архыз" республикалық қоғамдық бірлестігінің "Бірлік" қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы шет қалған жоқ.

аха6.jpg

Өңірдегі меценаттардың бірі Татьяна Апаева жерігілікті аз қамтылған 4 отбасыға 212 500 теңге көмек беріпті. Сонымен қатар, Равноапостольный Кирилл және Мефодий атындағы Меркі аудандық славяндар қоғамдық бірлестігі, "Вайнах" Жамбыл шешен-инғұш мәдени орталығы, Республикалық әзербайжандар қауымдастығының филиалы, "Барбанг" күрділер қауымдастығының филиалы ізгілік шараларына шама-шарықтарынша атсалысқан

Меркі ауданындағы "Әзербайжан қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының мүшелері тұрғындар арасында вирустың таралуының алдын алу бойынша профилактикалық әңгіме өткізді. Жамбыл ауданының Қаратөбе, Қызылқайнар, Айшабибі, Жамбыл ауылдарында және басқа да елді мекендерде еріктілер қозғалысы 1500 қолдан тігілген бетперде таратты. "Біз біргеміз" акциясы аясында Аса, Қарасу, Жамбыл, Қарой, Ақбастау, Өрнек, Полатқосшы, Гродеково ауылдарында тұратын 75 отбасыға 750 000 теңге көлеміндегі қаражатқа азық-түлік себеттері алынып берілді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі жанындағы Жастар ресурстық орталығы 30 отбасыға 300 000 теңгеге азық-түлік себеті түрінде көмек көрсетті. Аз қамтылған отбасыларға барлығы 1600 маска, 50 антисептик бұйымдары берілді. Осы аталғандардың өзі 1 млн 100 мың теңгенің көлемін құрады, - деді өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекшісі.
аха7.JPG

Ол Жамбыл облыстық Ассамблеясының Аналар кеңесі де көпбалалы 10 отбасын 100 000 теңгелік азық-түлікпен қамтамасыз еткенін айтты. Сондай-ақ, 94 470 теңге соммасында қаражатқа 10 аз қамтылған отбасыға азық-түлік пакеттері үлестірілген. 24 анаға 200 000 теңге көлемінде азық-түлік пакеттері таратылған. "Шиват Цион" Жамбыл облыстық еврей мәдени орталығының Аналар кеңесінің төрайымы Наталья Перфильева демеушілердің көмегімен аз қамтылған отбасыларға жүйелі түрде жәрдемдесіп келеді. Біршама отбасы азық-түлік пен жуғыш құралдар жиынтығын алыпты. Үш аз қамтылған қартқа тоңазытқыштар жеткізілген. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілген. Үйде күтім алатын 13 адам медициниалық патронаж иеленді. Медицина қызметкерлеріне маскалар, қолғаптар, антисептиктер табыс етілгені тағы бар.

совет матерей-1.jpg

Байзақ аудандық "Радонеж" орыс қоғамы Аналар кеңесінің төрайымы Любовь Горр да көпбалалы отбасылар үшін тағам дайындап, құймақ пісірді. Жамбыл облысы бойынша орыс қауымдастығының Аналар кеңесінің төрайымы Антонина Беляева Алексеевна көп балалы және жалғыз басты аналарға жеке гигиена заттарын, азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті тұрмыстық техникалар берді. Жамбыл облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Гульхумор Давлатова халықтың әлеуметтік осал тобындағы 31 отбасыға қолдау көрсетті. Бүгінгі күнге дейін Аналар кеңесі тарапынан барлығы 844 470 мың көлемінде қайырымдылық жасалыпты, - деп атап өтті Маржан Төреғұлқызы.
аха8.JPG

Ол облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Шухрат Ерназаров пен "Нематбай" мешітінің аз қамтылған 10 отбасыға 300 мың теңге көлемінде қайырымдылық жасағанын жеткізді. Мұндай шараға Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігі де үлес қосқан. Жамбыл облыстық Ассамблеяның еріктілер қозғалысы Жамбыл ауданының Қаратөбе, Қызылқайнар, Айшабибі, Жамбыл ауылдарының тұрғындарына 1500 қолдан тігілген маска таратса, осы ауданның әкімдігі жанындағы Жастар ресурстық орталығы 30 отбасыға 300 000 теңгеге азық-түлік себеттерін үлестірген. ҚХА еріктілері мен Жамбыл ауданы Жастар ресурстық орталығы жастарының қайырымдылық іс-шаралары бойынша 1 млн 357 теңге шамасында қаражат жиналып, ол да мұқтаж жандардың игілігіне жаратылды.

дунген .jpg

Жалпы, өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының этнобірлестіктері азық-түліктей және заттай 9 000 аз қамтылған отбасын 16 млн теңгенің көлемінде көмекпен қамтамасыз еткен.


Өзгелердің жаңалығы