Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аспаз әріптесінің телефонын ұрлап, несиеге қымбат iPhone рәсімдеп алған

9 Қыркүйек 2025, 13:01
895
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Жетісу облысында аспаз әріптесінің ұялы телефонын ұрлап, банк қосымшалары арқылы несие рәсімдеген. Қымбат iPhone 16 Pro Max-ты бөліп төлеуге алған күдіктіге қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жетісу облысының Ақши ауылында полицейлер ұрлықпен қатар банк қосымшалары арқылы жасалған алаяқтықты әшкереледі.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы 19 шілдеде "М" демалыс үйінде аспаздың iPhone X маркалы ұялы телефоны жоғалып кеткен. Жәбірленуші шығынды елеусіз деп санап, полицияға жүгінбеген.

Алайда дәл осы ұрланған телефон кейін айтарлықтай қаржылық қиындықтарға себеп болды. Жаңа телефон сатып алған азамат Kaspi Bank пен Halyk Bank қосымшаларын қайта қосқысы келгенде, ескі нөмірінің бұрынғы құрылғыға тіркеліп қалғанын анықтаған.

2025 жылғы 26 тамызда ол Kaspi Bank қосымшасына кіргенде, өз атына 28 мың теңгеге несие рәсімделіп, iPhone 16 Pro Max телефонын бөліп төлеуге алынғанын көрді.

Жедел іс-шаралар барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушімен бірге жұмыс істеген әріптес-аспаз болып шықты. Күдікті телефонды ұрлап, деректерді пайдаланып, қымбат смартфонды бөліп төлеуге ресімдегенін мойындады. Ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды, - делінген Жетісу облысының Полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасуда. Полиция азаматтарға ескертеді: "ұсақ ұрлықтың" өзі ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы