Сығанақта аспан асты музейі ашылады

12 Маусым 2020, 20:20
3622
Бөлісу:
Сығанақта аспан асты музейі ашылады
PHOTO

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Сығанақ қалашығында жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде ашылған архитектуралық құрылыс, қорғаныс жүйесі мен ғимараттар, кесенелермен таныстырды.

6cbfa66d-8c6e-4078-89bd-278054af8794.jpg

Себебі, Сығанақ қаласына 2020 жылғы жаңа археологиялық қазба экспедициясы басталды.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Болатбек Абдрасилов оқу орнының Археология институты экспедициясы Сығанақ қалашығындағы осы жылға жоспарланған зерттеу жұмыстарының басталып жатқандығын, археология экспедициясының жұмысы өте маңызды екендігін атап өтті. Сығанақ қалашығындағы барлық  археологиялық қазба жұмыстары Қызылорда облыс әкімдігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқандығын айтып, алғысын білдірді. Айта кетейік, маңызды жиынға Қызылорда облысының тарихи-өлкетану музейі, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері арнайы келді.

Биыл Қазақ хандығының 555 жылдығы. Сығанақ қалашығы қазақ халқы үшін құнды қазына. Бұл қала тоғыз жылдың торабында орналасқан өте үлкен қалалардың бірі. Оқу ордамыз 2003 жылдан бастап осы қаланың тарихын ашуға жұмыс істеп келеді. Біздің университетіміздің мүмкіндігі жоғары. Археологтарымыз халықаралық деңгейдегі білімді, білікті мамандар. Сығанақ қаласының  тарихының ашылуына Түркия тарапы да қолдау көрсетіп жатыр, - деді университет президенті Болатбек Абдрасилов.

Сығанақ қалашығы бүгінде ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне және "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы аясында республикамыздың "жалпыұлттық қасиетті нысандары" тізіміне енген. Қала өз тарихында бірнеше этносаяси бірлестіктерге кіріп, тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі саяси, сауда, рухани орталығы болған. Оның ғұмыры сонау алғашқы орта ғасырдан басталған. Қаланың пайда болуы, дамуы, гүлденуі мен күйреуі кезеңдері жайлы мәліметтерді айқындау қажеттілігі өзектілігін жойған жоқ.

Қазба жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың орталығындағы мешіт және қалашықтың сыртқы жағындағы 4 кесене ашылған. Келешекте осы жұмыстардың нәтижесінде туристер шоғырланатын жер болмақ. Сығанақ қалашығында ашық аспан асты музейі ашылады. Сонымен қатар, ғалымдар Сығанақтан, Йүгінекейден, Шорнақтан, Қарнақтан шыққан ғұламалардың еңбектерінің қолжазбаларын  зерттеу үстінде.

Археология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Мэлс Бақтыбаев алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.

Ақ Орда мен Қазақ хандығына кең ауқымды археологиялық-тарихи экскурсия жасалады. Сығанақ қалашығында ашық аспан асты музей қорығы  ашылады және жаңа деректер ғылыми айналымға енеді. Сығанақ қалашығын қорғауға байланысты нақтылы ұсыныстар беріліп, археологиялық ескерткіштің компьютерлік банкі жасалып, зерттеу барысында ашылған кешендердің консервациясы туралы ұсыныс беріледі, - деді М.Бақтыбаев.

Сығанақ қаласының тарихын зерттеу барысында табылған заттай деректер жергілікті, облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің қорын толықтырады. Сонымен қатар, туризмді дамыту, мектептер мен университеттерге оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау үшін пайдаланылатын болады.
Өзгелердің жаңалығы