Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарулы Күштердің әскери қызметшілері елорданың «Жерұйық» саябағындағы генерал Иван Панфиловтың ескерткішіне және «28 батыр-панфиловшылар» мемориалына салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Іс-шара 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес әскерлерінің Мәскеу түбіндегі шайқастарына 80 жыл толуына орай өткізілді.
Мәскеу түбіндегі шайқас Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ұрыстардың ең сұрапылы болды. Қиян-кескі соғыста аты аңызға айналған әскери құрамалардың бірі – халық арасында «Панфиловшылар» ретінде танылған 316-шы атқыштар дивизиясы. Мәскеу түбіндегі шайқас қызыл әскерлердің көзсіз ерлігімен және жанқиярлығымен ерекшеленді. Осындай ел батыры – панфиловшы, аты аңызға айналған әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта.