Әскери жоғарғы оқу орындарының курсанттары ант берді

11 Қыркүйек 2021, 16:40
2846
Бөлісу:
Әскери жоғарғы оқу орындарының курсанттары ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының 258 курсанты және екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының 120-дан астам курсанты Отанға адал қызмет етуге ант берді.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл әскери қызмет жолын бастаған кешегі оқушылар үшін айтулы күн. Салтанатты шараларға Ұлы Отан соғысы мен Қарулы Күштердің ардагерлері, жоғары оқу орындарының жеке құрамы, курсанттардың туыстары, сондай-ақ әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысты.

Әскери жоғарғы оқу орындарының курсанттары ант берді

Сендер жас жауынгер курсын сәтті аяқтадыңдар. Енді төрт жыл уақыт білім аласыңдар. Алдағы уақыттағы далалық шығуларда, оқ атуларда және әскери техниканы жүргізуде шыдамдылық пен төзімділік танытып, оқуда талпынуға тура келеді. Оқуға мұқият кірісіп, курсант атағын абыроймен алып жүріңдер, – деп атап өтті Құрлық әскерлері Әскери институтының бастығы, генерал-майор Дулат Адырбеков.
Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанттарын оқу орнының бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов құттықтады.
Бүгін сендер үшін ерекше күн. Ант беру – туған жеріңе және еліңе адал қызмет етуге серт беру. Бұл рәсімнің мағынасы тереңде жатыр. Енді әр істерің өздерің берген салтанатты анттың талаптарымен өлшеніп отырады, – деді ол.
Әскери жоғарғы оқу орындарының курсанттары ант берді

Ант қабылдағанға дейін курсанттар алғашқы әскери дайындық курсынан өтті. Бірінші курс студенттері психологтар мен командирлердің көмегімен әскери қызметке тез арада бейімделді. Жастар әскери ортаға үйреніп, сап түзеуді және дене даярлығын нығайтты.
Мен үшін бүгінгі күн – ерекше қуанышты күн. Біз Отанға адал болуға ант беріп, Қазақстан Қарулы Күштерінің толыққанды жауынгерлеріне айналдық. Отан қорғаушы ретінде мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктелді. Нағыз офицер атанып, еліміздің қорғаныс қабілетіне өз үлесімді қосқым келеді, – деп өз ойымен бөлісті Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бірінші курс курсанты Мүслім Хасанов.

Өзгелердің жаңалығы