Әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар табыс етілді

24 Қазан 2024, 14:52
367
Бөлісу:
Әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар табыс етілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі әскери қызметшілерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс ведомствосында ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Оған қорғаныс ведомствосының басшылығы, құрылымдық бөлімшелердің бастықтары мен гарнизонның әскери қызметшілері қатысты.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамды айтулы мерекемен құттықтады.

Республика күні – еліміздің ең басты мейрамы, тарихи күн, халқымыздың сан ғасырғы арманы. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтару барша қазақстандықтар үшін маңызды, – деп атап өтті ол.

Министр саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардың жақсаруына тоқтала отырып, Қарулы күштер елдің осы жетістіктерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді қорғауда тұрғанын атап өтті. Сондықтан Қазақстан Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін армияның кәсіби құрамдас бөлігін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударып отыр деді.

Қорғаныс ведомствосының басшысы көктемгі су тасқыны кезінде халыққа көмек көрсеткен сарбаздарды, сержанттар мен офицерлерді ерекше атап өтті.

Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде өткізілген халықаралық оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің кәсіби деңгейінің артқанын көрсетті. Алдымызда жауапты міндеттер мен күрделі сынақтар күтіп тұр. Оның бәрі бізді алдағы іске сапалы, шығармашылық және кәсіби тұрғыдан қарауға міндеттейді, – деп қорытындылады Қорғаныс министрі.

Ұлттық мерекеге орай еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қосқан үлесі, әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін Президенттің Жарлығымен 33 әскери қызметші мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Ел Президентінің қолынан ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Серік Борамбаев алды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов бірқатар әскери қызметшілерге салтанатты жағдайда ордендер мен медальдар табыс етті.

І дәрежелі «Даңқ» орденімен авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен полковник Азамат Әбікенов марапатталды.

Мемлекеттік награда – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне подполковник Тимур Садриев, майор Ержігіт Исманов, капитан-лейтенант Жәнібек Салықбаев, аға лейтенант Әділбек Советхан, екінші сыныпты сержант Тимур Горбунов және үшінші сыныпты сержант Нұрбол Бәжиев лайық деп танылды.

Министрдің бұйрығымен ведомстволық награда – «Ел қорғаны» медальдарымен бес, «Бітімгерлік операцияға қатысқаны үшін» медальдарымен 11 әскери қызметші марапатталды. 37 офицерге кезекті әскери атақтар мерзімінен бұрын берілді.

Өзгелердің жаңалығы