Әскери қызметшілер өртке оранған пәтерден бес жасар баланы алып шықты

26 Тамыз 2023, 08:22
837
Бөлісу:
Әскери қызметшілер өртке оранған пәтерден бес жасар баланы алып шықты
Фото: gov.kz

Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері өртеніп жатқан тұрғын үйдің пәтерінен баланы құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Сол күні таңертең сержант Жандос Айтқали, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанат әдеттегідей қызметке шыққан болатын. Көрші үйдің жанынан өтіп бара жатқан жігіттер бірінші қабаттағы пәтердің терезесінен шыққан түтінді көреді. Оқиға орнында жүрген әйелдер құтқарушы азаматтар болмаған соң не істерін білмей дағдарып тұрған еді.

Көшеде 6-7 жас шамасындағы киімі қара күйеленген баланы көрдік. Ол үрпиіп үйде інісі қалғанын айтты. Мен әріптестеріме сыртта күте тұрыңдар деп, өзім терезеден пәтерге кірдім. Ыстан көзім ашып, жасаурады. Ауа жұту үшін және суға малынған орамал мен фонарь алуға бірнеше рет терезеге келдім. Тек үшінші рет қана мен түпкіргі бөлмеде қолында мысығы бар қатты қорыққан баланы таптым, – деп оқиғаны еске алды Жандос.

Сержант Айтқали баланы қолындағы үй жануарымен бірге пәтердің терезесінен сыртқа алып шықты. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп, отты ауыздықтауға кірісті.

Әскери қызметшілердің мұндай батыл әрекеті әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Оқиғаны көргендер жігіттерге баланы құтқарғаны үшін алғыс айтты. 

Өтіп бара жатқан әскерилер бей-жай қалмады, олардың бірі ойланбастан үйге кіріп, өрт сөндірушілер келгенге дейін баланы алып шықты. Өрт сөндіріп жатқанда, әскерилер кетіп қалды. Біз олардың осындай батыл қадамы назардан тыс қалмағанын қалаймыз, – деп жазды желі қолданушылары.

Өзгелердің жаңалығы