Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінде оқу орындарын салтанатты бітіру рәсімі өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Алматы қаласындағы салтанатты шара мектептің шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен өтті. Сонымен қатар, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің қыздарымен вальс орындалды.
Ұстаздарға еңбектері мен шыдамдылықтары үшін алғыс айтқым келеді. Ал, құрдастарымды мектеп бітіріулерімен құттықтаймын. Менің арманым – Қарулы күштердің офицері болу. Қазіргі уақытта радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түсуге дайындалып жатырмын, – деді Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» РӘМ түлегі, «Алтын белгі» иегері Жансен Қабақбай.
Айта кетейік, биыл «Жас ұлан» республикалық мектептерінің түлектері арасында облыстық, республикалық, халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың 18 жеңімпазы мен жүлдегері бар, екі ұлан «Алтын белгі» иегері. Ағымдағы жылы олардың 90% - ы еліміздің жоғары әскери оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр.