Әскери институтта цифрлық технологиялар енгізілуде

20 Шілде 2024, 15:06
458
Бөлісу:
Әскери институтта цифрлық технологиялар енгізілуде
Фото: gov.kz

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында талапкерлердің құжаттарды тапсыру процесін жеңілдету және күту уақытын қысқарту үшін QR коды арқылы тіркеу жүйесі енгізілді.

Қазір әскери оқу орнында 2024-2025 оқу жылына құжат қабылдау жүріп жатыр. 30 шілдеге дейін жалғасатын іс-шарада екі жүзден астам талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.

Іріктеу процесі ҰБТ нәтижелерін, психологиялық тестілеуді, медициналық комиссия нәтижесін және дене шынықтыру деңгейін тексеруді қамтиды. ҰБТ-ның төрт пәні бойынша кемінде 50 балл жинаған және арнайы тексеруден өткен кандидаттар әскери оқу орнына қабылдануы мүмкін.

Институтта радиоэлектроника, радиотехника және инжиниринг, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік жүйелері, әскери құрылыс, әскери журналистика және дирижерлік сияқты салаларда мамандар даярланады.

Қабылдау комиссиясының кандидатты қабылдау туралы шешімінен кейін оқу орнының бастығы білім беру қызметтерін көрсетуге шарт және әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады. Курсанттар тұратын және тамақтанатын толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектерге жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі және әскери лауазымдарға тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бес жылдан төрт жылдық оқу мерзіміне көшті. Бұл өзгеріс оқу процесін оңтайландыруға және тез өзгеретін талаптар мен дамып келе жатқан технологиялар жағдайында мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған. Әскери оқу орнында оқытудың заманауи әдістерін енгізу, білім алу және курсанттардың кәсіби өсуі үшін барлық жағдай жасалған.

Өзгелердің жаңалығы