Қорғаныс министрлігінің өкілі мерзімді әскери қызметке шақырудың ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабалайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаевтың айтуынша, әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Шақыру қағазы азаматқа жеке өзіне немесе жұмыс/оқу орны бойынша ұйым басшыларына қол қойғызып немесе смс-хабарлама арқылы тапсырылады. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органдарына жүктеледі.
Мерзімді әскери қызметке шақырылудан бас тартқаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Денсаулық жағдайын тексеру және әскери қызмет өткеруге жарамдылық дәрежесін тексеру үшін әскерге шақырушылар аудандық және облыстық медициналық комиссиядан медициналық тексеруден өтеді. Әскерге шақырушыларды медициналық куәландыру нәтижесі бойынша әскери шақыру комиссиясы әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім қабылдайды. Сонымен бірге аудандық әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және ҚР Қарулы күштері тиісті түрі мен тегіне, басқа да әскери құрылымдарына тағайындау туралы шешім қабылдайды. Ауыл шаруашылық факультетін бітірген әскерге шақырылушылар Құрлық әскерлеріне жіберіледі. Ал математика, физика және инженерлік, экономикалық факультетті бітірген жастар көбінде әуе қорғаныс күштері мен әскери теңіз күштерін жасақтауға жолданады. Ал десанттық шабуылдау әскерін жасақтау үшін әскерге шақырушыларды іріктеу жалпы орта білімнен төмен емес білімі бар, дене бітімі жақсы азаматтар қатарынан жүзеге асырылады, - деді спикер ОКҚ алаңында.
Айта кетейік, биылғы күзде әскер қатарына 20 мыңнан астам азамат шақырылады.